«Алматы хайуанаттар бағы мен ондағы жануарлардың қазіргі жағдайы талқыланған сайттар мен әртүрлі форумдарда адамдар жағымсыз мәліметтер таратады. Онда біздің кінәміз жоқ. Ұсыныс жасаған кезде бізді сынадыңыздар, хайуанаттар бағындағы кемшіліктерді айтасыздар. Шынында, сіздердің бізге келіп, қол ұшын беруге мүмкіндіктеріңіз бар ғой», — деді сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында зообақтың ғылыми бөлімі меңгерушісі Константин Плахов.
«Азаматтардан өтініп сұраймыз! Жағымсыз ақпаратты таратумен айналыспай, бізге келіңіздер, өз қолдарыңызбен жұмыс істеп, көмектесіңіздер», — деді К.Плахов.
Оның айтуынша, көмектескісі келетінін айтып қоңырау шалатындар көп болса да, өкінішке орай, іс жүзінде қол ұшын беретіндер тым аз. «Біздің өтінішімізге көңіл бөлетіндердің негізгі бөлігі оқушылар. Балалар 2 күн келіп 5 сағаттан жұмыс істеді. Бұл жүрдім-бардым жұмыс емес. Үлкен көмекті біз де бірден сезіндік», — деді К.Плахов.
Бақтың даму бөлімі қызметкері Мұрат Мұтұрғановтың айтуынша, қазір хайуанаттар бағында «Ласковый и нежный зверь» деген атпен жануарларды қамқорлыққа алу бағдарламасы әзірленген.
Бағдарламаның мақсаты – жануарларға күтім жасау, тамақтандыру және ветеринарлық қызмет көрсету, сондай-ақ, жануарларға ізгі қарым-қатынасты насихаттап, зообақтың табысын арттыру болып табылады.
Атап айтсақ, кез-келген адам қалаған жануарды қамқорлығына ала алады. Сонымен қатар, ол қамқорлығына алған жануар үшін 20 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ақы төлейді. Бұдан түскен қаражат жаңа аңдар сатып алып, төңіректі абаттандыруға жұмсалмақ.
Сондай-ақ, мұнда «Скамейка» деп аталатын бағдарлама да іске қосылған. Кез-келген адам бақ аумағындағы орындықтардың бірін таңдап, сол жерге өзінің аты жазылған тақта іліп қоя алады.
«Біз қала тұрғындарына өзін хайуанаттар бағының бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік беруге бел будық», — дейді М.Мұтұрғанов.
Ағаш орындық үшін 19 мың теңге, мателл тақта үшін 9 мың теңге төлеген аамның аты-жөні сол жерде 1 жыл бойы ілініп тұрады.
Алматы хайуанаттар бағы қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде де жабылмайды. Бұл туралы зообақ директорының даму жөніндегі орынбасары Ерболат Мұқашев мәлім етті.
«Хайуанаттар бағы күрделі жөндеуге әзірленіп жатыр деген мәлімет таралды. Тұрғындар мұны дұрыс түсінбей, зообақ жабылды деп түсінген болуы мүмкін. Олай емес. Біз 2015 жылы басталатын қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде де жұмыс істейміз. Қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезең бойынша жүргізіледі. Бірақ, бақ жабылмайды», — деді Е.Мұқашев сәрсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Даму бөлімі қызметкері Дарья Мизерныхтың айтуынша, қайта қалпына келтіру тұжырымдамасы мен схемасы дайын.
«Аталған құжаттар бойынша, жануарлар сақталатын торлар қайта салынып қана қоймай, зообақ іші аймақтарға бөлінеді. Мәселен, біздің Қазақстанның флорасы, оңтүстік жартышар, солтүстік жартышар және т.б. болып бөлінбек. Қазір бізде жыртқыш аңдар бір жақта, құстар екінші жақта топтастырылған ғой. Олай болмайды. Бізде Қазақстан аймағы, Азия аймағы, оңтүстік, солтүстік, шығыс т.б. аймақтар болады. Торлар жаңа стандарттар бойынша жасалады», — деді ол.