Алматы облысында мезгілсіз тексеруден мезі болған мұғалімдер шу көтерді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.34
  • 541.25
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында мезгілсіз тексеруден мезі болған мұғалімдер шу көтерді

Алматы облысында мезгілсіз тексеруден мезі болған мұғалімдер шу көтерді

Алматы облысының білім саласында үлкен дау туды. Іле ауданындағы №31 мектептің ұжымы аудандық білім бөлімінің басшылығына бірауыздан қарсы шықты. Олар шегі жоқ себепсіз тексеруден мезі болдық дейді. Айтуларынша, соңғы уақытта заңсыз ақша жинау да белең алыпты. Басшылық пен ұстаздар осылай ұстасып жүргенде, мектептегі 500-ге жуық оқушының сабағы да жайына қалған. Ал білім бөліміндегілер тағылған айыптар дәлелсіз, қайта сауатсыз мұғалімдер қызметіне атүсті қарайды дейді.

  • 26 Қыркүйек 2013
  • 623
Фото - Caravan.kz

Білім бөлімінің былығын бетке айтқан ұжымның ертеңіне үреймен қарағандарына айлар өткен. Мектептің тынышы кеткелі мұғалімдер мазасыз. Өйткені 500-ге жуық оқушысы бар білім ордасында тәлім беруі тиіс тәлімгерлердің аудандық білім бөлімі басшылығының таусылмайтын тексерісінен қолы қалт етпейді екен. Оқу басталғалы бір айға жетер-жетпес уақыт өтседе қабағы қату тексерушілер бұл ұжымға бірнеше мәрте келіпті

Дина Нұрқали, мектеп мұғалімі:

Біз сабаққа дайындалып, балаларды шығармашылық жағынан дамытудың орнына бүгін қандай тексеріс болады екен, бүгін не тексереді екен деп үнемі сол алаңдаумен өмір сүріп жатырмыз.

Іле ауданындағы білім бөлімі соңғы уақытта тіптен тұқыртып бітті дейді ұстаздар. Өйткені жеті сайын жалғыз мектеп пен 45 мұғалімнің мазасын алатын олар соңғы уақытта барлығын ауданға шақырып алып қара кешке дейін құлақ еттерін жейтінді шығарған.

Жанат Ментаева, мектеп мұғалімі:

7 мұғалімді шақырып алып кезекпен кіргізді. Сағат 3-те сабағым бар сабағымды тастап бардым. Түнде сағат 9 жарымда зорға такси ұстап үйіме жеттім. Сондағы тексергені, Алмас Балтағұлович қашан еңбекке жарамсыз парағын алды, қай уақытта өткізді сол айтатыны.

Түн түндігін түргенше тәптіштеп сұралған адам Алмас Тұтқабаев мектеп директоры. Басшылықтың қырын қарағанына жылдан асты дейді өзі. Айтуынша, соңғы уақытта айлықтары шайлықтарына жетпейтін ұстаздардан ақша жинау етек алған. Соны айтқаны басшылыққа ұнамаса керек.

Алмас Тұтқабаев, мектеп директоры:

— Ол кісі лауазымдық қызметін пайдалана отырып, барлық аудан мектептерінен ақша жинаумен айналысады. Мысалға алатын болсақ, БҒМ нұсқаулық хатын 800 теңгеге әр данасын біздің мектепке 16 мың теңгеге сатты. Еңбекті қорғау инспекторлары келеді, 10 мың теңгеден жинаңдар деп, 10 мың теңгеден жинадық.

Бұдан бөлек, мемлекет қаржысына аудандық білім бөлімі арқылы алынған мектептің жарақтары да нарықтағысынан бірнеше есе қымбатқа алынады деп салды директор. Алайда бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінденің кері екен.Тынбайтын тексерістен ата-аналар да мезі болған.


Күнде немерелерімізді сабаққа әкелеміз күнде комиссия деп мұғалімдер әрі-бері жүгіреді де жүреді.

Ал мұғалімдердің әбден қытығына тиген аудандық білімі бөлімі бастығы барлығы бір парақты сауатты толтыра алмайтын ұстаздардың ойлап тапқаны, қыруар қателіктері бола тұра бастарын арашалау үшін бізге жала жапқаны дейді.

Ләззат Қаткеева, Іле аудандық білім бөлімінің басшысы:

10 жыл бойы бір алтын белгі жоқ. Бір оқушы үздік мемлекеттік грант иегері жоқ ол мектепте. Дарынды, республика саласында біреуі жоқ ол мектепте.Біздің өзіміздің жоспар бойынша мектептер тексеріледі. Ал егер сигнал келсе, оған жоспардан тыс тексерістер ұйымдастырылады.

Оқу жылы басталмай жатып білім бөліміне мектептің мінін тізіп берген тірі жанды атамады жауаптылар. Ал оқушыларын 3 мезгіл оқытуға мәжбүр мектеп ұжымына бие сұрағанда түйе бермеді деп шүйліккен білім бөлімі жуырда директорды жиналысқа салмақ.  Мезгілсіз тексеруден мезі болған мұғалімдер білім бөлімінің үстінен құзырлы орындардың барлығына арыз жазыпты.