Осылайша денсаулығы сыр беріп, кешелі бері емхана табалдырығында жүрген оқушылар жетерлік. Мектеп жасындағысы, жөргектегісі қоса бар барлығы жаппай сырқат. Науқастардың белгілері бір: дене қызуы көтерілген, лоқсу, бас ауруы, іш аурулары да жиі байқалыпты. Жергілікті дәрігерлер қойған диагнозы – энтеровирусты жұқпалы індет.
Гүлнар Құраметова, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
— Бәріне көмек көрсетіліп жатыр. Бізге түскен уақытта іштері өтіп, жүректері айнып, бастары ауырып түсті.
Десе де ауамен тез таралатын ішек ауруының қайдан шыққанын дөп басып ешкім айта алмай отыр. Сондықтан Қайназарда СЭС мамандары арнайы штаб құрып, жұмыс істеуде. Бірі аймақтағы жалғыз мектепті қатаң қадағалауына алса, енді бірі ауыз суын тексеріп жатыр. Тұрғындар да аяқасты келген сырқатты осы сумен байланыстырады.
Михриба Амыраева,Қайназар ауылының тұрғыны:
— Біздің өзденге мал келеді, су ішеді сол жерден. Не қоршау жоқ. Жан-жағы қоқыс. Алсаң асты лай, құрт бар.
Ербол Есжанов, Қайназар ауылының тұрғыны
— Ойнап жүрген бала. Өзім қарап отырған немерем ғой. Аяқасты ауырып қалды. Қазір қалаға алып кетті. Енді нәтижесі келгеннен кейін білеміз.
Бірақ вирус судан емес екеніне ауыл әкімі сенімді. Айтуынша, мұнда су көздері жылына 2 мәрте залалсыздандырылады екен.
Қайназар елді-мекенінде энтеровирусты жұқпалы індетпен 88 науқас тіркелсе, оның 54-і мектеп тәлімгерлері болып отыр. Қазір барлығы дәрігерлердің қатаң бақылауында екен. Жауаптылардың сөзіне сенсек, ауыл тұрғындарының жаппай індетке шалдығуының себебі ертең анықталатын болады.