Алматы облысында жұрт шұрық-тесік жолдарды жөндеуді талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында жұрт шұрық-тесік жолдарды жөндеуді талап етті

Алматы облысында жұрт шұрық-тесік жолдарды жөндеуді талап етті

Жолдың жайы жақсармай тұр! Алматының іргесіндегі бүтін бір ауылдың көшелері жылдар бойы жөндеу көрмеген. Райымбек елді-мекенінің ойқыш-ойқыш көшелерімен көлік тұрмақ адамның өзі түзу өте алмайды. Жаңбыр жауса ми батпақ көшеде жүруден қалатын жұрттың жанайқайына жібі түзу жауап беретін шенеунік табылмай тұр.

  • 22 Қазан 2015
  • 261
Фото - Caravan.kz

Райымбек ауылының тұрғындары ойқыш-ойқыш жолдан әбден мезі болған. Нөсерлетіп жауған жауыннан кейін ауыл іші батпаққа айналады. Жұрттың жылдар бойы көріп келе жатқаны осы.

Күләйхан Төлеңгітова, Райымбек ауылының тұрғыны:

-Жаздың күні біз шаңға қақаламыз. Қыстың күні, ертең көктемде, міне мынадай жауын-шашында біз бала шағамызбен мынадай суға батамыз. Міне, екі немеремді күнде арқама тасып өткіземін осы жерден.

Жергілікті басшылар тек өздері жүретін орталық көшені жылда жөндейді екен. Ал елді-мекеннің басқа бөлігіне асфальт төсемек түгілі, жұрттың өз ақшаларына алған шиыршық тасын тегістеуге техника да бермей қойған.

Айгүл Нұрқайдарова, Райымбек ауылының тұрғыны:

— Мына орталық көше өте жақсы. Бірнеше рет жөндеді. Ал, енді қалған көшелердің жағдайы өте қиын.

Әкімдердің жауабы әдеттегідей. Жол жөндеуге қаржы қолбайлау екен. Бірақ енді кірісіп, қатырғалы жатырмыз деп кезекті уәдесін берді тұрғындарға.


Әмірхан Тұрлашев, Райымбек ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

– Біз жыл сайын жолдарға күрделі жөндеу жасау үшін тиісті басқармаға өтініш жазамыз. Биыл да мұндай өтініш жібердік. Қазір солардың жауабын күтіп  отырмыз.

Осылайша, Райымбектегі жолды жөндеу жұмыстарының қашан басталатынын ешкім айта алмады. Қалай болғанда да биылдың шаруасы емес. Сондықтан тұрғындарға әлі бір жыл толарсақтан саз кешуден басқа амал жоқ.

Соңғы жаңалықтар