«Алматы қаласы әкімінің тапсырысымен қалада саябақтық инфрақұрылымдарды қолдану арқылы демалыс аймақтарын жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Әуезов ауданында осындай үш аймақ қолданысқа берілді. Олар бюджеттің емес, негізінен демеушілердің қаржысына салынды» — деді аудан әкімінің орынбасары Архат Омаров.
«Мамыр-2» ықшам ауданында бос жатқан жерге «Бес қару» демалыс аймағы жасалды. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына сәйкес әрлендірілді. Ескерткіш орнатылып, гүлзар егілді. Таяуда мұнда WI-FI байланысы іске қосылады. «Жетісу-3» ықшам ауданында бұрын қараусыз жатқан жерге балаларға арналған спорт алаңы және мини-футболға арналған жасанды алаң қолданысқа берілді. «Ақсай-4» ықшам ауданының тұрғындары үшін балалар алаңынан басқа, демалыс аймағында отандық және шетелдік танымал мультфильмдердің кейіпкерлерінің мүсіндері қойылды.
Сондай-ақ, А. Омаров таяу уақытта Момышұлы көшесінің бойында тротуарлар кеңейтіліп, веложолдар салынып, демалыс аймақтары бой көтеретіндігін айтты. Ауданда жыл соңына дейін, тағы да 6-7 шағын демалыс аймақтары жасалады.
