Жарияланды: 700

Алматыда ауылшаруашылығына арналған "AgriCA" атты бірінші Орта Азиялық конференция өтеді

30-31-қазанда 6-шы Орта Азиялық WorldFood Kazakhstan халықаралық көрмесі аясында Алматыда ауылшаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібіне арналған "AgriCA 2003" атты бірінші Орта Азиялық конференция өтеді. Бұл туралы бүгін, 29-қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Iteca көрме компаниясының азық-түлік өнеркәсібі дивизионының төрайымы Айнұр Смағұлова журналистерге хабарлады.

Конференция 2003-2005-жылдарға арналған мемлекеттік агроөнеркәсіптік бағдарлама аясында өткізілмекші. Конференцияның басты мақсаты- ауылшаруашылығы саласындағы өзекті проблемаларды талқылау, агроөнеркәсіптік кешеннің қиындықтарын жеңудің тиімді жолдарын іздестіру, тәжірибе алмасу және өзара қарым-қатынастар орнату үшін мемлекеттік мекемелер, ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен азық-түлік өнімдерін өндірушілер арасында ашық пікірталастар ұйымдастыру болып табылады. Конференция тек ҚР ауылшаруашылығы министрігінің ғана емес, сонымен бірге Қырғызстанның ауылшаруашылығы, су шаруашылығы және өңдеу өнеркәсіптері министрлігі мен Өзбекстан ауылшаруашылығы министрлігінің тікелей қолдауымен өткізілгелі отыр. Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Ұлыбритания елдерінен 120 өкіл қатысады. Сондай-ақ, қатысушылардың арасында Әлемдік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Қазастан даму банкі, Қазақстанның азық-түлік өнімдерін өндірушілерінің салалық қауымдастықтары, еліміздің ірі компаниялары бар. Конференцияда экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіру және зиянсыз технологияларды дамыту, техникалар мен жабдықтарды лизингге беруді дамыту, салаға инвестиция енгізу мүмкіндіктері, салық мәселесі, жерді суландыру, салалық химияны дамыту және тыңайтқыштар өндіру, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнамалық база тәрізді мәселелер басты тақырыпқа айналады. А.Смағұлованың пікірінше, елімізде ауылшаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінің жаңғыру ағымы айқын сезілуде. Бұл уәжді отандық және шетелдік азық-түлік өнімдерін өндірушілер мен қосалқы материалдарды өндірушілердің WorldFood көрмесіне деген қызығушылығы айқын дәлелдеп отыр. 29-қазан мен 1-қараша аралығында өтетін бұл көрмеге әлемнің 20 елінен 200-ден астам компания қатысады. Көрменің иемденіп жатқан жалпы аумағы 2002-жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25 процентке өсіп, қатысушылар саны 70 компанияға артты. А.Смағұлованың айтуынша, отандық азық-түлік өнеркәсібінің дамуындағы басты ағымдардың бірі - қазақстандық компаниялардың өндіріс және маркетинг саласында тың жобаларды, тың жаңалықтарды қолданысқа енгізуге деген құлшынысы түрінде байқалып отыр. Көрме аясында бірқатар байқаулар өтеді. Кәсіби дегустаторлар "2003-жылғы ең таңдаулы өнімді" сыналтса, көрмеге қатысушылар "Ең жақсы дәмді" анықтайды. Ең таңдаулы дизайн мен орама-қаптама материал таңдауға "Чудо Pack" деп аталатын байқау өткізілумен бірге, биыл тұңғыш рет "Оңтүстік Астананың ең таңдаулы мейрамханасы" тақырыбында байқау ұйымдастырылғалы отыр. Соңғы аталған байқауға Алматыдағы 20 мейрамхана қатысқан, алайда, бағалаушы топ жасырын жұмыс істегендіктен мейрамхана қожайындары "сынақтан өтетіндігін" алдын-ала білмей қалыпты. Сондай-ақ, көрме аясында "шай күндігі" мен "сыра күндігі" өткізіледі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін