Жарияланды: 20

Алматыда дүниежүзілік балалар күні атап өтілді

Алматыда дүниежүзілік балалар күні атап өтілді

Өткен жексенбіде Дүниежүзілік балалар күні атап өтілді. Бұл датаны 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған. 20 қараша бүкіл әлемдегі балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлемдік бауырластық пен балалардың өзара түсіністік күні ретінде атап өтіледі.

Осы күнге орай, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі БҰҰ-ның ҚР ақпараттық орталығымен бірлесіп және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Алматыда салтанатты іс-шара өткізді.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин биыл балалардың құқықтарын қорғаудың түйткілді мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Атап айтқанда, балалар құқықтарының бұзылуы, балаларға қатысты қылмыстар, сирек кездесетін аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, балалардың бұқаралық спорты мен шығармашылығын дамыту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу реформасы, балалардың мүгедектігін төмендету реформасы және т.б.

Аружан Саин серіктестердің, сарапшылардың, ҮЕҰ, мемлекеттік органдардың, еріктілердің, журналистердің жан-жақты қолдауынсыз бала құқықтары жөніндегі институтының болуы мүмкін еместігін атады. Сол себепті балалардың құқықтарын қорғауда ерекше көзге түскен жандарды марапаттады.

- Ақшамен немесе заттай нәрсемен ғана емес, кәсіби білім және дағдымен де көмектесуге болады. Дәл осындай өз ісінің шеберлері – сарапшылар, дәрігерлер, педагогтар, жаттықтырушылар, заңгерлер, цифрлық технологиялар жөніндегі мамандар, басқа да мамандық өкілдері балалардың өмірін жақсартуға бағытталған жобаларда қол ұшын созды, - дейді Аружан Саин.

Еріктілерді марапаттай отырып, А.Саин мұның үлкен күш екенін, көбіне мемлекеттік органдардан да тез көмек көрсететінін атады. Айтуынша, еріктілермен бірге қиындықты еңсерген көптеген мысал бар.

«Игі іс жасаушыларды баспасөзде, әлеуметтік желілерде, радио, теледидар арқылы насихаттау артық емес. Бұған бізге қалам, камера, микрофон ұстаған кәсіби мамандар көмектеседі», - деп Саин журналистердің де еңбегін атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шара аясында балалардың шығармашылық ұжымдары сөз алды.

Марапатталғандардың толық тізімін bala-ombudsman.kz сайтынан көруге болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін