Жарияланды: 390

Алматыда ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы басталды

Бүгін, 27-ақпанда Алматыда ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы басталды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Отырысқа ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов, Беларусь премьер-министрі Сергей Сидорский, Қырғызстан үкімет басшысы Николай Танаев, РФ үкімет басшысының міндетін уақытша атқарушы Виктор Христенко, Тәжікстан үкімет басшысы Акил Акиловтар қатысып отыр. Сондай-ақ, мәжіліске ЕурАзЭҚ-ның бас хатшысы Григорий Рапота қатысуда. Бас қосуға Армения, Молдова және Украинадан бақылаушылар шақырылған. Отырыс күн тәртібінде ЕурАзЭҚ елдеріндегі экономикалық ахуал туралы үкімет басшыларының баяндамалары тыңдалып, экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірлесе талқылауды қажет ететін проблемалар бойынша ұсыныстар қаралады. Г.Рапотаның KZ-today тілшісіне берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, бас қосуда қоғамдастыққа мүше елдер арасындағы ықпалдастықты тереңдету, өзара сауда-саттық аясын кеңейту, біртұтас төлем жүйесін құру, біртұтас өнеркәсіп саясаты мен инвестициялық ынтымақтастық стратегиясын жасау тақырыбы ортақ әңгімеге арқау болмақ. Сондай-ақ, ЕурАзЭҚ бас хатшысының хабарлауынша, "Тәжікстан мен Қырғызстанның гидроэнергетикалық ресурстарын пайдалану мәселесі де талқыланады". Г.Рапотаның пікірінше, "бұл мәселе ірі көлемде қаржы құюды талап ететіндіктен ғана күрделі болып отырған жоқ, сонымен бірге, су электр станцияларында өндірілген электр қуатын пайдалану су тұтыну мәселесімен тығыз сабақтасып жатқандықтан, өзара қарым-қатынастарды реттеу тетіктерін жақсылап ойластыруды қажет етеді. Ал су тұтыну мәселесі өңір елдері үшін айрықша өзекті мәселелердің бірі". "Біз бұл проблемаларды реттеуге өзіндік үлесімізді қосқымыз келеді",- деді ол. Г.Рапотаның айтуынша, "дәл бүгін қандайбір келісімге қол қою көзделіп отырған жоқ, тек қана мемлекетаралық сипаттағы бірқатар шешімдер шығару жоспарда бар". Отырыста ЕурАзЭҚ аясындағы мақсатты мемлекетаралық бағдарламалар жобасын жасау және оны жүзеге асыру тәртіптерінің жобасы тәптіштеледі. Бұл - мемлекетаралық мақсатты бағдарлама жобасын жасау және оны бекіту процедурасын, оларды қаржыландыру көздері мен схемасын, сондай-ақ, осындай бағдарламаларды ұйымдастыру және бақылау әдістерін айқындайтын әдістемелік құжат болмақ. Сондай-ақ, отырысқа қатысушыларға ЕурАзЭҚ-ның ортақ кеден тарифін қалыптастыру туралы ақпарат та ұсынылады. ЕурАзЭҚ-на Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары қамтылады. Ал Армения, Молдова және Украина елдері Қоғамдастықта бақылаушы мәртебесіне ие.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін