Жарияланды: 500

Алматыда халықаралық қуыршақ фестивалі басталды

Бүгін Алматы төрінде ІІ-Халықаралық дәстүрлі «Ортеке» қуыршақ байқауы басталды. Сахналық өнер фестиваліне Қазақстаннан өзге алыс жақын шетелден келген үздік қуыршақ театрлары да бар. Бірақ байқаудың ең тартысты тұсы ортекешілер арасында өтпек. Себебі ең үздік ортеке орындаушысы мен шебері 1 млн. теңгеден сыйақыны қанжығасына байлайды.

Ән салып, би билеп, сахналық қойылым көрсету-бұл бүгін Алматы төрінде осымен 2-ші мәрте өткізіліп жатқан Халықаралық «Ортеке» байқауының басты талабы. Додаға тек қуыршақ театрлары қатысуда. Қазір сахна сырты абыр-сабыр, қызу дайындық үстінде.

Әділет Балбаев, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының актері:

- Қуыршақтың қозғалу тәсілі-біріншіден қолы жұмыс істейді. Басы, белі қозғалады. Шетелден тәжірибе алмасамыз. Олардың қуыршақтарын көрдік. Бірақ қазақстандықтар да қалыспайды.

Биыл байқауға қазақ атынан 6 театр қатысып отыр. Сондай-ақ, сырттан бағын сынай - Тәжікстан, Эстония, Мысыр, Ресей және Қытайдан қуыршақ шеберлері келген.

- Сәлем, менің атым Юсика. Мен жақсы баламын. Маған бәрінен де Жексенбек ұнайды. Ойнап, шулап жүретін. Жұмыс істеу керек емес оған.

Ал бұл қазақша сайрап тұрған эстониялық қуыршақ театрының қос әртісі. Біреуі актер - Тормо Мяннард, ал екіншісі оның қуыршағы Юсика. Әрі қойылымдарын да біздің тілінде әзірленген.       

Тармо Мяннард, Эстон қуыршақ театрының актері:

- Қойылымымыз тек қазақ тілінде өтеді. Себебі бұл спектальде мен балаларға көп сұрақ қоямын. Егер эстонша қойсам ешкім мені түсінбеуі мүмкін. Керемет емес әрине, десе кішкентай көрермендермен тілдесуге қазақшам жетеді.

Бірақ байқаудың ең тартысты тұсы ортекешілер арасында өтпек. Себебі «үздік ортеке орындаушысы» мен «үздік ортеке шебері» үшін бас бәйгеге 1 млн. теңге тігіліп отыр. Қомақты ұтыстан, әсіресе өзгелер дәлелі. Мәселен, сонау Қытайдан келген қазақи этно-фольклорлық топ «Тұмар»: «Жүлдені алмай, кері қайтпаймыз», - дейді.

 «Тұмар» этно-фольклерлық ансамблі (Қытай):

- Сосын ортекені қойып, жігіттер өзіміздің дыбыстық ерекшеліктерімізбен бірге ойнаймыз. Осыған 1 млн. теңге тігіп жатыр деп естідік, соны алуға тырысамыз.

Ал қазақ атынан бұл жолы сахнаға 30-ға жуық ортекеші шықпақ. Солардың қатарында - Ерсайын Басықара да бар. Шебер бір дегеннен домбыраның құлағында үш ортекені ойнатады. 

Ерсайын Басықара, ортеке орындаушысы:

- Екінші, үшіншіні қазіргі шеберлер аяққа салады. Оның өзінде техникасы бар. Себебі аяқ шаршап қалады. Енді екеуін бірге билетемін. «Ортеке»- бұл қазақтың қуыршақ театрының негізі десе болады.

Қомақты сыйға сондай-ақ қуыршақ театрларының өкілдері де ие болмақ - «ең үздік спектакль», «режиссерлік жұмыс», «актерлық шеберлік», «суретші қойылымы», «музыкалық көркемдеу» және «фестиваль жаңалығы» аталымдары бойынша. Фестиваль әлі екі күнге жалғасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін