Алматыда көшет өсіретін тәлімбақ салынады  - kaz.caravan.kz
  • $ 461.55
  • 540.38
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда көшет өсіретін тәлімбақ салынады 

Алматыда көшет өсіретін тәлімбақ салынады 

Қазіргі таңда мегаполисте жыл сайын шамамен 1,4 миллионнан астам көшетке сұраныс қалыптасқан.

  • 30 Сәуiр
  • 2
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласында көгалдандыру жүйесін дамыту және жасыл желекті көбейту мақсатында қалаға тиесілі көшет өсіретін тәлімбақ құру жоспарланып отыр. Бұл бастама қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Қазіргі таңда мегаполисте жыл сайын шамамен 1,4 миллионнан астам көшетке сұраныс қалыптасқан. Алайда арнайы тәлімбақтың болмауы көшеттерді сырттан сатып алуға тәуелді етіп, шығынды арттырып қана қоймай, олардың жергілікті климатқа бейімделу сапасына да әсер етіп келеді.

Осыған байланысты жеке тәлімбақ құру қаланың жасыл аймақтарын жүйелі дамытуға бағытталған стратегиялық шешім ретінде қарастырылуда. Жоба Алматының оңтүстік бөлігіндегі бірнеше аумақта кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, кейіннен ауқымы кеңейтілмек.

Жоспар бойынша тәлімбақта заманауи технологиялар енгізіледі. Атап айтқанда, жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік беретін микроклондық көбейту зертханасын ашу көзделіп отыр. Бұл әдіс жергілікті табиғи жағдайға бейімделген сапалы отырғызу материалын өндіруге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында қала әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелерге жобаны жан-жақты пысықтап, ғылыми негізін күшейтіп, іске асыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізуді тапсырды.