Береке ауылындағы мәдениет үйінің қазіргі сиқы осы. Кезінде концерттер өтіп, жастар бас қосатын жерде қазір тек қаңырап бос ғимарат қалған. Оқушылар үйірме мен мәдени шараларға қатысу дегенді білмейді.
Людмила Беляева, Береке ауылының тұрғыны:
-Қазір барар жер жоқ. Ал әкім халықпен кездескенде мәдениет үйін қайтесіңдер. Жанында 3-4 кафе-ресторан бар. Сол жерге барып-ақ көңіл көтеріңдер деп өзімізді келемеждейді.
Ғимарат 11 жыл бұрын болмашы тиын тебенге сатылған екен.Даңғарадай нысанды 33 мың теңгеге алған қожайын оны кәдеге де жаратпай, қараусыз қалдырыпты.
-Қарасай ауданындағы бетке ұстар мәдениет үйінің қабырғалары әсем суреттермен безендіріліп, келген жанның көңілін көтеретін болған. Бірақ ғимарат қолдан-қолға өтіп, көрінген кіріп, ойына келгенін жасағандықтан қазір қос кинозал, спорт алаңы, үйірмелерге арналған бөлмелер мен асхана түгел тоналыпты. Сондықтан мәдени орталық енді шөлмектерді босатып, мәдениетсіз отырыстардың ошағына айналған.
Маскүнемдер бас қосып, соңғы уақытта қылмыс көбейген соң тұрғындар нысанды мемлекет меншігіне қайтаруды сұрап құзырлы орындарға шағым жазған.
Жорабек Долматов, Береке ауылының тұрғыны:
-Арыздарымыз бойынша «Нұр Отан», Бас прокуратура, Қарасай аудандық әкімдігі келді. Сот арқылы ғимарат қайтарылады деп уәде етілген. Ал архитекторлар жөндеу жұмысын жасауға болады дегени шешім шығарды. Бірақ іс жүзінде ештеңе жоқ.
Ал қожайынның із-түзсіз кетуіне байланысты жердің мақсатына сай қолданылатындығын шенділердің өзі тексере алмай отыр.
Бекжан Әбжанов, Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары:
–Біздің білуімізше соңғы иесі Алдаров Талғат. Ол кісімен хабарласқанбыз, былай тұра бермесін, бірдеңе ашыңыз халыққа арналған деп. Бірақ қазірше ештеңе жоқ болып отыр. Ойына келгенін істей алады ма, оны білмедік. Документін әлі көрмедік, ол өз қалында.
Мәдениет үйі аукцион арқылы жеке қолға өткендіктен атқамінерлер нақты шара қолдана алмайтындығын алға тартуда. Сондықтан ауыл тұрғындарына осы ғимарат қалпына келтірілмесе, мәдени азық іздеп көрші елді-мекенге баруларына тура келеді.