Алматыдағы дарынды балаларға арналған №173 физика-математикалық гимназияның 50 шақты оқушысы мектеп асханасынан уланып ауруханаға жеткізілді.
«Бүгінгі күнге дейін жұқпалы аурулар ауруханасына 48 бала келіп түсті. Олардың бәрі де Әуезов ауданындағы №173 мектеп-лицейдің оқушылары. 20 оқушы ауруханаға жатқызылды. Қалғандары ауруханаға жатудан бас тартқаны себепті, амбулаторлық ем қабылдап жатыр», — деп «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаппарова мәлім етті.
Оның айтуынша, уланған балалардың бәрі бастауыш сынып оқушылары көрінеді.
«Улану оқиғаларының бәрі мектеп асханасынан берілетін тамаққа қатысты болып отыр. Тексере келе, тегін ыстық тамақпен қамтылған 1-4-сынып оқушылары уланғаны белгілі болды», — дейді Қ.Әбдіжаппарова.
Айтуынша, «гастроэнтероколит» деген диагноз қойылған балалар сауығып келеді.
Жаппай улану фактісі сенбі күні болған. Сол күннен бастап мектеп асханасы жабылды, қазір тексеру жүріп жатыр, дейді ол.