Өрт салдарынан «Олжа», «Аян» және жарым-жартылай «Керемет» және «Алатау» базарларындағы барлығы 309 кәсіпкердің жалпы ауданы 5400 шаршы метр болатын шағын дүкендері өртеніп кеткен.
Қала әкіміне хабарланғандай, өртеніп кеткен киім-кешек базарлары заңсыз жұмыс істеген. Өткен жылы олардың өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келмеуіне байланысты жабу туралы сот шешімі шығарылған болатын.
А. Есімов олардың иелеріне қаланың басқа базарларынан және сауда алаңдарынан сауда орындарын тауып беруді тапсырды. Сонымен қатар, зардап шеккен кәсіпкерлерге несиелерінің мерзімін ұзартып төлеуге мүмкіндік беру туралы банктермен келіссөздер жүргізу туралы тапсырма берді.
Сондай-ақ, әкім Алматы базарларын жетілдіру бағдарламаларын жеделдетуді тапсырды, осыған сәйкес бұрынғылардың орнына жаңа заманауи сауда орталықтары салынуы тиіс. Сонымен бірге, базарларда өртке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтуге тапсырма берілді.
Қазіргі уақытта құқыққорғау органдары өрттің шығу фактісі және өртеніп кеткен базарлардың әкімшіліктеріне қарсы екі қылмыстық істі қозғады.