Жарияланды: 580

Алматыда "Қорғаныс-2004" атты командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілуде

Бүгін, 1-наурызда Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күні аясында Алматыда "Қорғаныс-2004" атты командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілуде,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің ақпаратына сүйенсек, мұндай шараны өткізудегі басты мақсат - Азаматтық қорғаныс қызметтері мен штабтары басқарушы органдарының болуы мүмкін жойқын жер сілкінісінің зардаптарын жоюға бағытталған іс-әрекеттерге әзірлігін тексеру, аталмыш мекемелер жұмысының өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамдарды түрлі төтенше жағдайлардан қорғау амалдары мен тәсілдерін жетілдіру болмақ. Оқу-жаттығуларды Алматы қаласының әкімі - Азаматтық қорғаныс бастығы Виктор Храпунов басқарады. Оқу-жаттығуларға Алматы қаласының өкілетті және атқарушы билік органдары, Азаматтық қорғаныс қызметтері, ұйымдар мен кәсіпорындардағы Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі құрылымдары мен қала халқы жұмылдырылып отыр. Жаттығулар барысында көшпелі басқару бөлімшелері, қалалық және қала іргесіндегі қосалқы басқару бөлімшелері мен ұзын саны 78 мың адамды қамтитын 5566 Азаматтық қорғаныс құрылымдары жоғарғы әзірлік жағдайына көшіріліп, баспанасыз қалған адамдарға арналған 30 бөлімше, жарақаттанған немесе құрбан болғандарды жинауға арналған 28 бөлімше, шығындарды жинақтауға арналған 15 бөлімше, зардап шеккен 300 адамға арналған шұғыл әрекет етуші дербес далалық терапевтік аурухана жұмыс істейді. Азаматтық қорғаныс қызметінің құрамындағы қоғамдық тәртіп сақтау қызметі, су қамтамасыздығы қызметі және энергетиктер тәрізді барлық 18 құрылым апаттан құтқаруға бағытталған тәжірибелік сабақтарға қатысады. Білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жер сілкінісінен қорғануға бағытталған жаттығулар өткізіледі. Мұндай жаттығуларға қаладағы пәтер иелері кооперативтері де түгелдей жұмылдырылуы тиіс. Жаттығулар барысында еліміз облыстарымен, ҚР қорғаныс министрлігі және ҚР ІІМ тәрізді мекемелермен өзара ықпалдастық мәселелері де дәйектеледі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін