Айғайға басып жатқан мына үлкен апайларды «М-БЭНД» тобының табынушылары деп қалмаңыздар. Ресейлік әншілерді көрмесе тұра алмайтын қыздарына қымбат билет сатып әперген ата-аналар бұлар. Ал негізгі алданып қалған көрерменнің барлығы дерлік мектеп жасындағы оқушылар.
Айсұлу Әбдіхалықова, 9 сынып оқушысы:
-15 мың төледім, бірақ адам саны көп болды да ештеңе ала алмадым, ешкіммен суретке түсе алмадым. Және концерттің ортасында өзімді жаман сезіндім де далада отырдым.
Негізі басында бәрі әп-әдемі-ақ басталған. Мына кадрларда сүйікті әншілерін жас қыздар жан ұшырған айғаймен қошеметтеп жатыр. Бірақ, 700 адамға шақталған кең залға мыңнан аса алдам кіргенде жағдай бақылаудан кеткен. Кештің берекесі қаша бастаған соң әншілер де сөмкесін жинап тайып тұрыпты. Бұған куә болған Айсұлудың әкесі былай дейді.
Тұрапбек Әбдіхалықов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Пештің жанында тұрғандай. Біз сұрадық, кондиционер қайда деп? Кіріп қарадық, бір кондиционер істеген жоқ. Менің қызым, бір бес-алты бала ана жерден құлап, бері қарай жүгіріп шықты естері ауып.
Сүйікті әншілерінен қол үзіп қалған қалың көрермен билет ақшасын қайтарып беруін талап етіп, ғимарат алдына жиналды. Жауапты тұлғалардың атынан шыққан мына қыз басшыларымен телефон арқылы ұзақ сөйлесіп, ақыры есеп айырысуға кірісті.
Бірақ, қолындағы бума ақша барлығына бірдей жетпей қалды. Қалғанын ертең беретін болып келісті. Егер тағы алдап кететін болса, ата-аналар істі сотқа дейін жеткізбекші.