Күндізгі сағат 10-да Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысына Алматы азаматтарының бастамашылар тобының, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және «Алмалы» көп функциялы жер асты орталығының салынуына қарсы болған қарапайым қала тұрғындары жиналған.
Демонстрацияға қатысушылар жасыл түстің үстіне «Халық пен билік арасындағы сызат» деп жазылған жазу бар транспаранттар ұстап тұрды. Акцияға қатысушылардың айтуынша, тек алматылықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін маңызды тарихи орынның жабайы түрде жойылуына қарсы шеру өткізуде.
Алайда, полицейлер алғашқы сөз сөйлеулерден кейін-ақ қарсылық акциясына қатысушыларды тұтқындай бастады. 5 әйел адам мен 3 ер адамды Бостандық АІІБ алып кетті. Полицейлердің хабарлауынша оларға әкімшілік жазалау шаралары қолданылатын болады.
Құқық қорғау органдарының өкілдері митинг жасаушыларды тұтқындау себептерін олардың қарсылық акциясын өткізуге рұқсат алмағандықтарымен түсіндірді.
Бұрын хабарлағанымыздай, Республика алаңының астынан «Базис-А» құрылыс компаниясы іске асырып жатқан «Алмалы» көп функциялы кешенін салу нәтижесінде алаңның бойында сызаттар пайда болған еді. Кей жерлерде оның ені 50 сантиметрге дейін жеткен.
Естеріңізге сала кетсек, алаңның астынан орталық салуға Қазақстанның ұлттық-демократиялық күштерінің өкілдері қарсы болған еді. Олар бұл құрылыс алаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты тарихи рөліне сай емес деген болатын. «Бұл тек пайда қуу ғана емес, Желтоқсан оқиғасының жәдігерін жою ниеті болып табылады», — деп мәлімдеген еді өткен жылдың қаңтар айында қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин. «Ақыр аяғына келер болсақ, бұдан басқа да жерлер бар емес па? Неліктен тап осы жерде осындай жайттар орын алуы керек», — деген болатын Ж. Қуанышәлин.
Ал Алматы қаласының әкімі И. Тасмағанбетов «Алмалы» орталығын салуды қолдады. «Республика алаңының астынан көп функциялық кешеннің салынуына келер болсақ, мен бірқатар алматылықтардың бұл құрылыстың жөнсіз салынуы жайындағы пікірлерімен таныспын. Мен бұл оймен мүлде келіспеймін. Себебі — алаң дегеніміз мазар не мұражай емес, ол өзінің белгілі бір функциясын атқарады», — деген еді И. Тасмағамбетов. «Біз алаңдар тек ресми қызмет қана атқаратын, яғни, әскери парадтар ғана өткізілетін кеңестік жүйеден бас тартқымыз келеді. Алаң ол кезде осыдан басқа қызмет атқармаған. Адамдар ол алаңдарды айналып өтуге тырысатын. Себебі, ол биліктің алаңы еді», — деп толықтырған болатын қала әкімі.
Сонымен бірге, сәулет және құрылыс саласындағы сарапшылар Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сейсмикалық нормаларға сай келмейтіндігін талай рет көрсетіп, қала орналасқан 10 баллдық жер сілкінісі қаупі бар аймақта жөнсіз зәулім ғимараттар мен жер асты құрылымдарын салудың болуы мүмкін салдары жөнінде бірнеше мәрте ескерткен еді.
Соған қарамастан, сейсмологтардың мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары Алматыда қауіп тудыратын жер асты тербелістері тіркелмеген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті