Күн-түн демей құрылысшылар білек сыбана кірісіп, Алматы көшелеріндегі ескі аялдаманы бөлшектеп жатыр. Бұл оңтүстік астананың тұрғындарын біраз таңқалдырғаны рас. Бірақ, мамандар «уақытша, барлығы су жаңа соңғы үлгідегі аялдаманың қамы» дейді.
Анастасия Нечаева, «РТС Деко» АҚ заң департаментінің директоры:
— Сүріліп жатқан аялдамалар орнында келісім-шартпен, қала әкімдігінің тапсырысы бойынша жаңасы орнатылады. Бұнда сауда нүктесі болмайды. Өз басым еуропалық стандарттарға сай болады деп күтемін.
Тозығы жеткен, ұсқынсыз аялдамаларды қирату Алматыда осыдан екі жыл бұрын басталған екен. Бірақ, тек қайта жөндеуден өтуіс тиіс дегендері сүрілген. Ал қазір бірі де қалмай жаңартылып жатыр. Мәселен, «РТС Деко» компаниясы 16 павильонын алып үлгеріпті. Айта кету керек, бұл заманауи нүктелерді жеке кәсіпкер өз қалтасынан қайта көтермек.
Шахман Нәбиұлы, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:
— «РТС» компаниясының да аялдамалары түгелдей сүріледі. Шартымыз жалпыға бірдей. Бірақ, бүтін қаланың жұмысы қашан аяқталатынын дөп басып айта алмаймын. Уақыт еншісінде.
Қала әкімдігі жол жиегінде сауда жасау қауіпті деп, жеке кәсіп иелерін бұған түсіністікпен қарауға шақырып отыр. Бастаманы «РТС Деко» компаниясы да қызу қолдады. Сондықтан жуырда аялдамалармен қоса сауда нүктелерінің де көзін жоймақ.