Дәулет Кенебаев бір мезетте жары, 5 жасар інісі мен жаңа туылған шақалағынан айырылды. Отағасының осылайша жапанда жалғыз қалуына ескертусіз берілген көгілдір отын себеп.
Дәулет Кенебаев:
— Газ өткізген адамдар кінәлі. Газ жүргізген фирма айыпты. Қалайша жай ғана бере салады. Ойыншық емес қой. Қайта Аллаға шүкір деп жатырмыз 3 адам болған.
Марқұм болған 23 жастағы жарының артынан жалғыз тұяғы үлкен ұлы қалды. Ал інісі Арман 5 жасқа енді толған. Кенжесі Әлижан болса, жарық дүние есігін ашқанына не бәрі 18 күн өтіпті. Барлығы тірідей жанып кеткенін Дәулет көршілерінен телефон арқылы бір-ақ естіген.
— Міне, мына жерде бастың ізі жатыр. 5 жасар баланың басы жабысып жатқан ұзынынан. Ал кіші бала мында пеленкада оралып жатқан.
Отағасының айтуынша, табиғи газ үйді жайлап, арты алапат өртке ұласқан. Оның өзін көршілері жабылып жатып әрең өшірген көрінеді. Десе де, тұрғындар көгілдір отын берілмек түгілі, кұбыры әлі де жалғанып бітпеген жер үйге қалайша қосқанына аң-таң. Өйткені, есептеуіште бір айлық көрсеткішке жететін газ түгелдей баспанаға жайылып кетіпті.
Жанат Мамбетжанов, «Алматы газ тармағы» ЖШС апаттық қызметінің бастығы:
— Әзірге мен айыпты орталық деп айта алмаймын. Бұл-жеке тұлға. Заңсыз жер үйлерге құбырлар жүргізіп, бізді де ескертпей, ұрлап газ берген де солар.
Десе де «Алматы газ тармағы» серіктестігі айыптыны атап айтпағанымен, туыстары бұған «Виктория» жеке үйлер иелері кооперативінің төрайымы кінәлі екеніне сенімді. Өйткені, баспаналарына құбыр жүргізіп, «газ әзірге берілмейді» дегендер де осылар екен.
Қанды оқиғадан бері төбе көрсетпеген төрайым бүгін де жұмыс орнында болмай шықты. Бірақ бір мезетте 3 жақынынан айырылғандар енді айыптылардың сазайын сот арқылы бермек.