Алматыдағы екі жыл бұрын бұзылған Оқушылар сарайының орнына салынатын қонақ үй "Риксос Алматы" деп аталатын болады - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыдағы екі жыл бұрын бұзылған Оқушылар сарайының орнына салынатын қонақ үй "Риксос Алматы" деп аталатын болады

Алматыдағы екі жыл бұрын бұзылған Оқушылар сарайының орнына салынатын қонақ үй "Риксос Алматы" деп аталатын болады

Алматы. 3-наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Алматыдағы екі жыл бұрын бұзылған Оқушылар сарайының орнына салынатын бес жұлдызды қонақ үй "Риксос Алматы" деп аталатын болады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне құрылысқа тапсырыс беруші компания - "Аль-Пари" ЖШС атқарушы директоры Ләйлә Төтенаевадан мәлім болды.

  • 3 Наурыз 2008
  • 1126
Фото - Caravan.kz

«Аль-Пари» ЖШС хабарлағандай, «қонақ үй бес жұлдызды болады және құрылыс биылғы жылдың соңына дейін аяқталады».

Сарай бұзылғалы екі жыл өтсе де, қала тұрғындары бұл әрекетті жергілікті билік шағын топты бетімен жібергендіктен олардың баю мақсатында балалардың тұтас сарай- саябақ кешенін құртқан жабайы әрекеті деп есептейді.

Естеріңізге сала кетсек, қалалық Оқушылар сарайы бұзылар алдында оны қорғау бойынша қоғамдық комитет құрылған еді.

Комитет республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бас прокурор Рашид Түсіпбековтың атына Алматыдағы қалалық Оқушылар сарайының бұзылмауына ықпал етуге өтініш жолдаған болатын. Олар сонымен қатар Сарайды сақтап, оны мемлекет бақылауына беруді қолдайтын қала тұрғындарының қолын да жинаған еді.

Республикалық ата-аналар комитеті қала әкімшілігінің назарын қалада мектеп оқушылары бос уақыттарын тиімді өткізе алатын жердің қалмай бара жатқанынан аудармақшы болды.

Оқушылар сарайының бұзылу жауапкершілігін наразы қоғам қала әкімшілігіне артты.

«Мен Қазақстан, оның ішінде Алматы тұрғындарын осы Оқушылар сарайын қолдауға шақырамын. Бұл кешенді сақтап қалу керек. Мен сол үшін халықтан ақша жинап шығуды ұсынамын. Журналистер одағы бастамашы болуға дайын. 65 млн теңге көп ақша емес. Осы ақшаны жинап, сарайды жерімен бірге қалаға сыйлау керек. Біздің басқа жолымыз жоқ», — деген еді Сейітқазы Матаев.

«Егер бұл жерде балалар бассейнін салса немесе Оқушылар сарайын қайта қалпына келтірсе, ешқандай мәселе туындамас еді. Бірақ, бұл жерде мемлекеттік қажеттілік үшін дегенді алға тартып кезекті зәулім үйді салмақшы», — деп атап көрсеткен ол.

Сонымен бірге, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Александр Зуев Алматыдағы Оқушылар сарайын бұзу мәселесін әкімшілікпен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып шешу керек деген болатын.

«Егер оқушылар сарайы бұзылып, оның орнына балалардың мүддесі ескерілместен, қандайбір автотұрақ немесе үй салынып жатса, меніңше, бұл проблеманы талқылай отырып шешу қажет. Бірінші кезекте бұл проблеманы әкіммен және бейресми ұйымдармен бірлесе шешкен жөн»,- деген еді А.Зуев.

«Бұл жерде ЮНИСЕФ-тің ұстанымы айдан анық: бірінші кезекте балалардың мүддесі қанағаттандырылуға тиіс. Егер аталмыш сарайды бұзу шарасы арқылы балалардың мүддесі, олардың рухани және тікелей өсуі мен даму мүддесіне кереғар әрекет жасалып жатса, онда бұл ЮНИСЕФ үшін талқылауға тұратын проблема»,- деді ол.

Қазақстанның бейресми ұйымдары 2006-жылы БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетіне есеп дайындаған болатын. Онда кәмелеттік жасқа жетпеген жеткіншектердің құқығын бұзу деректерімен бірге Алматыдағы оқушылар сарайын бұзуға қатысты оқиға да атап көрсетілген. Атап айтсақ, баяндамада «оқушылар сарайына қатысты оқиғаның өрбу барысы сипатталатын болады»,- деді Қазақстанның бейресми ұйымдарының балалар құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова. Оның айтуынша, есеп БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетіне 2007-жылдың қаңтар-ақпан айларында таныстырылады.

Бұған дейін Kazakhstan Today агенттігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында жұртшылық өкілдері Алматыда балаларға арналған мекемелердің жеткіліксіздігіне байланысты алаңдаушылық білдірген. «Қазіргі жағдаймен қаламыздағы мектептер мектеп жасындағы балалардың 62 процентіне ғана есептелген»,- деді Қазақстанның бейресми ұйымдарының балалар құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Фузия Икамбаева. «Балалар екі, кейде тіпті үш кезекпен оқиды»,- деді ол.

Сонымен бірге Ф.Икамбаева қала сыртындағы жазғы лагерьлердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді. «Оқушылардың жазғы демалысы басталды. Ал біздің балаларымыздың демалатын жері жоқ. Алматы мен Алматы облысында биылғы жазда небәрі 13 балалар лагері жұмыс істейді»,- деді ол.

Осыған байланысты ол, өзге тауқыметтермен қоса балалардың проблемасын да шешуге міндетті қала басшылығы балаларды бос уақытын пайдалы өткізу мүмкіндігінен айырып отырғанын атап өтті. «Қаладағы оқушылар сарайы шын мәнінде қаладағы барша баланы біріктіретін. Балалар мұнда спортпен шұғылданып, ән айтып, би билеп, өлеңдер оқушы еді»,- деді ол.

Алайда, қоғам өкілдері қаншама рет қарсы болса да, Қабанбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан 1992 жылы Алматы жас дарындар сарайы деп өзгертілген Оқушылар сарайы бұзылған болатын.

Алматы қалалық Оқушылар сарайы Ғани Мұратбаевтың атын иеленген еді. 1936 жылдан бастап қалалық Пионерлер сарайы, 1962 жылдан бері Оқушылар сарайы деп аталған болатын.

Ғимарат Мәскеудің Оқушылар сарайының жобасы негізінде салынып, әйнектелген екі верандасы және жоғарғы жағында обсерваториясы болған. Сонымен қатар, үйірме жұмысына арналған 24 оқу бөлмесі, 100 орынға арналған оқу залы, 350 орындық акт залы, спорт залы, бассейні мен тирі болған. 1982 жылы Оқушылар сарайында 4 мыңнан астам оқушы қатысқан 230 үйірме жұмыс істеген екен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті