Қорқыныштан үрпиіп тұрған түлектерге бей-жай қарау мүмкін емес. Кейбіреуінің қобалжығаны сонша, тіпті түнімен дайындаған шпаргалгасын да түсіріп алды.
— Шпаргалка сіздікі ме?
— Жоқ, менікі емес.
Емтиханға кіруге белгі де естілді. Ата-ана бірден алақанын жайып тілегін жаудырса, ұстаздары соңғы ақыл-кеңесін айтып әуре.
Қатима Құсайынқызы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
-11 жыл қалай оқыдың сол алған білімді көрсетіңдер деп жұбатып жатырмыз. Балаларда еш алаңдаушылық жоқ.
Сыртта телміргендер үш сағат бойы терезеден көз алмай тұрды. Телефоннан да бұл жолы түк пайда болмады. Өйткені бұл маңайда ұялы байланыс үзілген. Жастардың жанталасын тек үнсіз мониторлар арқылы бақылау мүмкін болды. Түлектерді табалдырықта ата-аналар ғана емес, құшағы гүлге толы жігіттер де тағатсыздана тосып тұр.
-Кімді күтіп тұрсыз?
-Сүйген қызымды
Бірінші боп төбе көрсеткен түлектерді жұрт қол шапалақтап қарсы алды. Тек мұндай құрметке бәрі бірдей мәз бола қойған жоқ. Өйткені тест сұрақтарынан биыл да қате табылып, бітірушілерді әбден шатастырыпты.
Қуаныш Раев, мектеп бітіруші:
-Географиядан қате сұрақ көп. Екі сұрақ па келді сондай қайталанып. «А» немесе «с» екеуінің біреуі белгісіз боп тұрды қайсысы екені. Бірақ енді «с»-ны белгілеп көрдім, дұрыс шығады деп ойлаймын.
Сынақ кітапшасында кездескен осындай қателердің салдарынан сасқалақтап қалған түлектер тестілеу орталығынан шыға сала еңіреп жылады.
-Жылама енді! Құдай-ай, аман болыңдаршы өзі…
-Ал ұлттық бірыңғай тестілеуден қобалжып шыққан түлектерді табалдырықта мінекей мынадай тосын сыйлық күтіп тұр! «ҰБТ, қош бол!» деген жейделер. Әрине, бұл киім тегін таратылып жатқан жоқ, дегенмен де бүгінгі бірінші күн үшін аз да болса көңілге демеу.
Жүйкені жұқартқан тестілеу ертең де жалғасады. Бір ғана Алматыдан 6221 бала сынақтан өткелі отыр. Ал бүгінгі бірінші күн көз жасына толы болса да, түлектер айқай-шусыз, ең бастысы, тезірек тарасты.
-А,Б,С,Д,Е, Қош бол мәңгі,ҰБТ !!!