«Алматым-іңкәрім менің» фестиваліне әлемнің атақты жұлдыздары келіп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+37 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Алматым-іңкәрім менің» фестиваліне әлемнің атақты жұлдыздары келіп жатыр

«Алматым-іңкәрім менің» фестиваліне әлемнің атақты жұлдыздары келіп жатыр

Әлемнің атақты эстрада жұлдыздары «Алматым-іңкәрім менің!» фестиваліне қатысу үшін Оңтүстік астанаға келіп жатыр. Музыкалық мерекелік шара ертең кешкісін басталады. Жаңа орнатылған алып сахна қонақтарды қабылдауға сақадай сай тұр. Қазір онда отандық әншілер соңғы дайындықтарын пысықтауда. Айта кетейік, биылғы шара сахнадағы жекпе-жек түрінде өтеді. Яғни отандық әншілер шетелдік өнер жұлдыздарымен ән сайысқа түседі.

  • 7 Қыркүйек 2013
  • 447
Фото - Caravan.kz

Фестивальдің басталуына бір күн қалды. Өнер жұлдыздары соңғы дайындықтарына қызу кіріскен. Ертең кешке мұнда жүзден аса әнші хит әндерін шырқайды. Фестивальдің, әсіресе, аты аңызға айналған «Жетіген» тобы үшін орны бөлек. Өйткені, бұған дейін тарап кеткен топ осы шоудың арқасында қайта қосылды.   

Дайындық шарасы бірнеше сағаттарға созылса да, әншілер айрықша төзімділік танытуда. Бір әнді оншақты мәрте қайталап жүр. Кештің ерекшелігі сол, эстрада жұлдыздары былғары қолғап сайысына түседі. Яғни, отандық әншілер шетелдік Сандра, Е-тайп, Натали секілді азулы қарсыластармен «музыкалық рингте» кездеседі.

Өз заманында әлемдік хит-парадты бағындырған әйгілі «Абба» тобының әні де кеште шырқалады. Оны Жеңіс Сейдоллаұлы, Толқын Забирова мен Жанна Орынбасарова бірігіп орындамақшы. Бұл күні сахнаға Сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымов пен Алматы әкімі Ахметжан Есімов және Дариға Назарбаева да шықпақ. Бірақ әзірге олардың кімдермен дуэт құратыны құпия. 

Көрермендерге арналған тағы бір тосын сыйлық Нағима Есқалиева мен Айгүл Бабаева қосылып, «Виагра» тобының әнін айтады. Әншілеріміз бұл кеште Риана, Леди Гаганың да образына енбекші. Көпшілік тұңғыш рет осы кеште Венера Назарбаеваның да өнерін тамашалай алады. Ол сахнаға Бритни Спирстің әйгілі «Baby one more time» әнмен шықпақшы.


Сонымен, көрер қызық көп. Тіпті, шетелдік әншілер қазақ тілінде ән шырқайды деп күтілуде. Айта кетейік, кешке билет арқылы ғана кіре аласыз. Оған қоса, қолыңызда жеке куәліктің болуы міндетті. Шақыру қағаздары әлі де болса радиоларда ұтысқа түсіп жатыр. Шара халықаралық трамплин кешенінде өтеді. Онда жетуге қала тұрғындарына жағдай жасалған. Арнайы автобустар сағат төрттен кешкі алтыға дейін Балуан Шолақ спорт кешені алдынан жолаушыларды тасымалдайды. Ал кешке кіре алмағандар үшін “КТК” арнасы жақын күндері фестивальдің телевизиялық нұсқасын көрсетеді.