Мына емхана ғимаратынан қазір ештеңе де қалмаған. Қабырғалары қақырап, төбесі ортасына түсіпті. Іші толған қоқыс. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр желісінің тұйықталуынан болған. Өйткені, жарты ғасырдан бері электр сымдары бұл жерде еш ауыстырылмапты.
Емхана күзетшісі түтіндеген жердің бәріне шелектеп су құйып жүр. Түнгі 2 жарымда тұтанған қызыл жалын мына бір қабатты үлкен ғимаратты түгел шарпыған.
Өрт салдарынан емхананың неше жыл жинаған мұрағаты ғана емес, бүкіл дәрі-дәрмек, науқастарға арналған төсек-орындар да іске аспай қалды. Тіпті, қысқа деп алдын-ала сатып алынған көмірдің де жартысы жанып кеткен. Енді оның барлығын қайта қалпына келтіру қиынға соғатын түрі бар. Жалпы емдеу мекемесі 3 бірдей ауылдың тұрғындарына қызмет көрсеткен екен.
Александр Киричюк, аурухананың бас дәрігері:
– Емханада өз зертханамыз да бар еді. Ғимарат 52-ші жылы салынған. Өрт кезінде ішінде күзетшіден басқа ешкім болмады. Бүкіл ауылдың тұрғындары болып, қолымызға ілінген нәрсені алып шықтық. Өрт болды екен деп жұмысымызды тоқтатып қойған жоқпыз. Науқастарды уақытша берілген үйде қабылдап жатырмыз.
Бас дәрігердің «уақытша» деген үйі міне, мынау. 5 жылдан бері бұл баспанада ешкім тұрмағандықтан, іші сыртын көк басып кеткен. Өрттен аман қалған азын-аулақ құрал-жабдық әзірге еденде жатыр. Дәрігерлер ақ халаттың орнына үй киімдерімен жүр. Өйткені, науқастарды қабылдаудың орнына торғайдың ұясындай ғана жерді тазалап, іші-сыртын сырлауға мәжбүр. Ал 2 мыңнан астам тұрғыны бар бұл ауылда жаңа емхананың қашан пайда болары әлі белгісіз.