«Қайран, Қайнар!» Бұл ауылға келгендердің аузына алдымен осы сөз түседі. Өзегін өкініш өртегендіктен. Кезінде бәрі басқаша еді. Жарты ғасыр бұрын мына жер қызу тіршіліктің ортасы болған. Ауылға кіре берістегі аялдамадан қалаға күніне бірнеше автобус қатынайтын. Ал, қазір бұл маңда торайлар жайылып жүр. Айнала тот басқан трактор мен комбайндардың қаңқаларына толы. Жергілікті әкімдік те ешкімге керексіз. Іші астан-кестен.
15 жыл бұрын мына ғимаратта 2 мекеме орналасқан екен. Оның бірі — ауыл әкімдігі, екіншісі медициналық кабинет болған. Бұл жерден гинекологиялық орындық пен шашылған дәрі-дәрмектерді ғана кездестіруге болады.
Қайнар ауылын бүгінде Қазақстан картасынан таба алмайсыз. Бүтін бір облысты жылына бітік шығатын егінімен, мыңдаған малы, сүт-қаймағымен қамтыған елді-мекенді біртіндеп жұмыссыздық жайлаған, күнін көре алмаған 2 мың отбасы туған жерін тастай үдере көшіпті. Қазір қалған бес-ақ отбасы.
Жаппай көшкендердің арасынан жұртта қалған 30 адам — әлі отыр! Анатолий Лисин осы жерде туып өскен. Досы Василий Рыпчак екеуі егін, мал шарушалығын сақтап жанұясын асырап отыр.
Анатолий Лисин, Қайнар ауылының тұрғыны:
— Бәрі тамаша болған. Аяқ асты тоқырау басталды, біреу әдейілеп кіріскен сыңайлы. Ірі совхоздың бірі болған.
Қысқасы «Қайнарда» тіршілік өзегі біртіндеп сөніп барады. Ауылдың бүгінгі келбетіне қарап кезінде бұл ауыл дүркіреген жер болды деуге сене қою қиын. Кезінде бұл ауылда 100 бүлдіршінге арналған балабақша жұмыс істеген. Тіпті сол кездері сәнді деп салынған көпқабатты тұрғын үй де қаңырап бос тұр. Қабырғаларынан түк жоқ. Ал жолдың арғы бетіне салынған мектепті көзі түскендер талап тонап кетіпті.
Қолында малы, шағын егіс алқабы бар бес шаңырақтың ешқайда көшкісі жоқ. Олардың туған жерлері қайта гүлденеді дегенге күдігі басым.
Тіршіліктің қайта жанданатынына әкімнің де үміті үзілген.
Жанат Мұхамеджанов, «Ұзынкөл» ауылдық округінің әкімі:
–Мектеп жоқ, балабақша жоқ. Жол нашар. Су жағдайы да жоқ, тасып ішеді, сондықтан ол ауылдың болашағы жоқ.