Жарияланды: 650

Ақпарат министрі "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасын таныстырды

Бүгін, 21-қазанда мәжілісте өткен жұмыс тобының бірінші отырысында ҚР ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасын таныстырды,- делінген палатаның баспасөз қызметінен таратылған баспасөз баянында.

Ақпарат министрінің айтуынша, үкіметтік заң жобасына БАҚ-тардың еркіндігі мен демократияландыру үрдісін қорғауға, ақпараттық қарым-қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар принциптік тың нормалар қамтылған. Атап айтсақ, заң жобасында 45 түрлі негізгі ұғымдарға анықтама беріліп, цензураға тыйым салу жөніндегі конституциялық принцип кепілдендіріліп, тікелей немесе жанама түрде БАҚ-тардың кәсіптік іс-қызметіне араласуға шектеу қойылды. Сондай-ақ, ар-ұждан, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғауға бағытталған істер бойынша соттарда тең құқылы дау-дамайға жол беру принципі енгізіліп, шағым беру құқығының мерзімдік шегі бір жылға дейін қысқартылып, құқық бұзушылықтың зардабын жоюдың баламалы жолдары қарастырылумен бірге журналист тек сот шешімімен ғана аккредитациядан айрылатын болады. Министрдің пайымдауынша, жаңа заң жобасының қазіргі қолданыстағы заңнан принциптік айырмашылығы, онда БАҚ субьектілерінің нақты көрсетілуі, редакциялардың кәсіптік дербестігін қорғау тетігін нақтылау, қоғамдық адамгершілік үрдістерді қорғау деңгейінің күшейтілуі, теле- және радиохабарларын тарату саласының өзекті мәселелерінің реттелгендігі болмақ. Өз баяндамасынан кейін С.Әбдірахманов депутаттардың сауалдарына жауап берді. Халық қалаулылары заң жобасына қатысты кейбір нақты ұсыныстар жасады,- деп хабарлайды баспасөз қызметі. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасын қарауды құрамына депутаттар, журналистер конгрессі мен журналистер одағының басшылары, БАҚ өкілдері мен орталық мемлекеттік мекемелер өкілдері қамтылған жұмыс тобы одан әрі жалғастырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін