Жарияланды: 690

АҚШ қорғаныс министрі Иракта бітімгершілік миссия атқарушы Қазақстандық жауынгерлердің кәсіби деңгейін жоғары бағалады

Бүгін, 25-ақпанда АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд жұмыс бабындағы сапармен елімізге келді. Астанада ол Ирактағы Коалициялық тұрақтандырғыш күштер құрамында қайырымдылық мақсаттағы миссия атқарып келген қазақстандық бітімгершілермен кездесті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Д.Рамсфельд қазақстандық саперлердің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, жанқиярлығы үшін ризашылық білдірді. АҚШ қорғаныс мекемесінің басшысы "қазақстандық бітімгершілер Ирактағы өз міндетін ойдағыдай атқарды" деп атап көрсетті. "Өз басым Қазақстандық жас сапарлермен танысқаныма өте қуаныштымын, әрі дүниежүзілік лаңкестікпен күресте Қазақстан шешуші рөл атқаратын елдердің санатында деп нақты айта аламын",- деді ол. Д.Рамсфельдтің бұл Қазақстанға жасап отырған екінші сапары. Бұған дейін ол 2002-жылдың мамыр айында елімізге келген. Сол кезде АҚШ қорғаныс министрі Қазақстанға Ауғанстанда жүзеге асырылған "Баянды бостандық" операциясына қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірген болатын. Коалиция күштерінің Ауғанстандағы әрекеттері аясында Қазақстан өзінің әуе кеңістігін пайдалануға және апатты жағдайда әуежайларға қонуға рұқсат берді. Бұл жолғы сапары барысында АҚШ қорғаныс министрі ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовпен, ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаевпен, қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевпен кездесті. Д.Рамсфельдтің айтуынша, ҚР қорғаныс министрімен кездесуде Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік мәселесі сарапқа салынған. Тараптардың "Каспийде бейбітшілікті сақтау - Қазақстан үшін де, АҚШ пен бүкіл дүниежүзі үшін де ортақ мүдде " деген пікірі бір арнада тоғысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін