Джозеф пен Линда Мэйоттар 13 жасар ұл мен 8 жасар қызды мейірімді ата кейпімен 2004 жылы Қызылжардан алып кеткен. Азғын ерлі-зайыптылар содан жеткіншектерге жылдар бойы зорлық көрсетіпті. Өгей әкенің түрлі порно-фильмдер көрсетіп, қол жүгіртетінін кішкентай қыз талай рет құрбыларына айтқан екен. Алайда тексеру орындарынан жасырып қалған.
— Мен ешқашан әке махаббатын сезінген емеспін. Ақыры әкелік мейірімге ие болғанымда оны жоғалтқым келмеді. Жаңа тапқан отбасымның құтын қашырмау үшін үндемедім. Егер өгей әкемнің жасағанын айтсам, отбасын жоғалтып алам ба деп қорықтым. Және маған ешкім сенбейтіндей көрінді.
Жеткіншектің жасықтығын пайдаланған өгей әке бірнеше жыл қатарынан төсекке сүйреген. Азғыннан әйелі де қалыспапты. Линда Мэйотт та 13 жасар ұлмен төсек қатынасына түсіп, тіпті құрсақ көтерген. 2009 жылы бұл ақпарлар әшкере болып тергелген екен. Алайда алғашында айыппұлмен шектеледі. Бірақ ес кірмеген Мэйоттар ақыры сотталып тынды. Линда енді алдағы 22, ал Джозеф 20 жылын темір торда өткізуі тиіс. Бірақ америкалық адвокаттар әлі арам тер.
Лорел Сингер, Линда Мэйоттың қорғаушысы:
— Линда Мэйотты өгей ұлы 4 жыл бойы зорлап келген. Алайда сот Линданы жазықты деп тапты. Бұл әділетті шешім деп есептемеймін.
Қазақ балаларын Америкаға апарып зорлаған азғындар әділ жазасын алды ақыры. Джозеф Мэйотт Массачусетс штатының Комменвелс қаласында, ал Линда Фремингем қаласында жазасын өтемек. Бұл екеуіне тәртібі түзу болса уақытынан бұрын түрмеден шығу мүмкіндігі бар. Айта кетейік, Қызылжардан асырап алынған ұл 21 жаста қазір. АҚШ азаматы сол жақта қалады. Ал 17 жасар қыз баланың ертеңін біздегі жауапты шенеуніктер ертеңгі күні қарастыруға уәде етті.
Бұл Американың асыранды балаларға алғаш қылған қысастығы емес. Осыдан бір жеті бұрын АҚШ ғаламтор арқылы асыранды балаларды саудаға салғандардың былығы бетке шыққан. Аттай қалап алған бөбектерінің қылығы ұнамаса өзгелерге сыйлай салатын елде жоқ әдет тауыпты. Кеше Астанаға келген АҚШ Мемлекеттік департаментінің балалар ісі жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Джейкобс мұндай ессіздіктерді естіп білмегенін алға тартты. Алайда арнайы тексеру тобын құрып барлығын жіпке тізіп жеткіземіз деп кетіпті еліне.