Ақшамызды жеп қойды деген халық ауыл поштасына басып кірді - kaz.caravan.kz
  • $ 467.41
  • 533.88
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақшамызды жеп қойды деген халық ауыл поштасына басып кірді

Ақшамызды жеп қойды деген халық ауыл поштасына басып кірді

Пошташыға жем болған Алматы іргесіндегі Бесқайнар ауылының тұрғындары бүгін бұрын-соңды болмаған шу шығарды. Жұрт оларды «ұры» деп айыптауда. Коммуналдық ақы мен несиелерін уақытында төлесе де, ақша поштадан әріге аспайды екен. Соның кесірінен электр жарығы шетінен қиылуда. Оның үстіне тұрғындар- зейнетақыны да жырымдап түгел бермейді деп отыр. Екі ортада отқа күйген ел бүгін поштаға басып кірді.

  • 17 Қаңтар 2014
  • 315
Фото - Caravan.kz

Күлтөбенің басындағы күндегі жиынның кейпі бұл. Бесқайнарлықтар жарық пен судың ақысын, алынған несие құнын ай сайын ауыл поштасы арқылы төлеп жүрген. Сөйтсе, қыруар қаржының бір тиыны да діттеген жеріне жетпепті. Өткен жылдың соңғы маусымындағы төлемақыларда поштадан әріге аспаған. Ел тал түске дейін қызмет орнына аяқ аттап баспайтын маманды сықырлаған сары аязда сағаттап күтуге мәжбүр осылай.

Қилыбай Нұрмағанбетов, Бесқайнар ауылының тұрғыны:

-Талғар ауданының басшылары мына Бесқайнар елді-мекенінің пошташысының маңдайынан сипап әбден еркелетіп қойған. Тәртіп жоқ. 2013 жылы 5 желтоқсан күні кемпір екеумізге кредит төлегем сол «Хоум Кредит» банкке түспеген. Бұл банк менің қанымды ішуде.

Зинагүл Егеубаева, Бесқайнар ауылының тұрғыны:

-Желтоқсан мен қарашанікін төледім, бірақ қағазы келді төлемедің деп. Өсімі бар. Қай жаққа кетті, төлесін өздері мен төлемеймін. Мен зейнеткермін. Жарықты төлемегесін келеді де кесіп тастайды.

Талай там жарықсыз да қалған осылай. Шыдамы шегіне жеткен ел бүгін ауыл поштасын баса көктеп кірді. Қаржыларын қылғытқан пошташы тағы орнында жұмыс орнында жоқ екен. Тек тал түсте келді. Жыл бойы жұрттың қанын қайнатқаны есінде, бетегеден биік жусаннан аласа бүгін. Қаржыны қажет жерге бермегенін де мойындады.

Мая Хабитова, Бесқайнар ауылдық пошта бөлімшесінің бастығы:


-Жарыққа төлеген ақшасын барлығын реестрмен көтеріп 20-на дейін істеймін. Өткенде айдың аяғында апарасам айдың аяғында алмаймыз деді. Кредиттері барлығы төленіп барлығы дұрыс болады. Өсім де ештеңе болмайды.

Ауданның атқамінерлері де апыл-ғұпыл ере келіпті. Қарашаның қарызы бүгін-ертең «өтеледі» деп сендірді. Айтпақшы дәл осы бөлімшенің бұған дейінгі екі пошташысы теңгеге деген ерекше тәбеті үшін темір торға тоғытылған. Бірақ бесқайнарлық пошташының ісін майшаммен қарауы тиіс жауаптылар ел толқымаса, ес жимайды екен.

Ерболат Сарқұлов, Талғар аудандық пошта байланыс торабы бастығының орынбасары:

-Мұның алдындағы екі адам жауапқа тартылып жатыр. Екі адам жауапқа тартылған себебі тағы осылай ақшаны уақытылы жеткізбегендігінен. Кеше тағы жас қыз сотқа тартылды. Ертең оны да қамайды. Мына кісінің ісі де тұр . Біз қайдан білеміз халықтың өзі шуламаса, энергосбыт шуламаса.

-Бесқайнардағы қарапайым қарашаның қара басындағы түйткілдің түйіні бүгінде тарқамады. Ауыл пошташысының 3 түмен елдің алдындағы қарызы 1 миллион теңгеден асып жығылады екен. Халық: қаржыға қомағай деп сөккен жауаптылар айыпты ауыл пошташысы заң алдында жауап беретініне сенеді. Оның үстінен жазылған арыз сотқа да жетіп үлгерген.