Ақтаудағы МАЭК аумағында сұйық радиоактивті қалдықтарды өңдеуге арналған зауыттар салу көзделіп отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтаудағы  МАЭК аумағында сұйық радиоактивті қалдықтарды өңдеуге арналған зауыттар салу көзделіп отыр

Ақтаудағы МАЭК аумағында сұйық радиоактивті қалдықтарды өңдеуге арналған зауыттар салу көзделіп отыр

"МАЭК-Қазақатомөнеркәсібі" ЖШС-нің аумағында Маңғыстау энергетикалық комбинатының жұмысы нәтижесінде түзілетін сұйық радиоактивті қалдықтарды өңдеуге арналған екі зауыт салу көзделіп отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне МАЭК баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 29 Желтоқсан 2003
  • 1247
Фото - Caravan.kz

Алғашқы зауыт сұйық радиоактивті натрийді ерімейтін геоцементті тас атты қатты затқа айналдыруға арналады. Ал екіншісі басқа да радиоактивті қалдықтарды цементтеу, битумдеу немесе әйнектендіру тәсілдерімен қатты заттарға айналдырып пайдалы жаратуға бағытталады. Соның нәтижесінде бұл қалдықтарды арнаулы қоймаларда мәңгілік сақтауға болады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, БН-350 реакторында 5 мыңға жуық текше метр сұйық радиоактивті қалдықтар мен 6 мыңдай тонна қатты радиоактивті қалдықтар сақтаулы тұр. Реакторды тұтынымнан шығару жұмыстары төрт жылға жуық жалғасуда. Атом реакторын консервациялаудың толық циклін шетелдік сарапшылар 85 млн. долларға бағалауда. Қазіргі жағдаймен үш түрлі міндет шешімін тапты. Атап айтсақ, белсенді зонадағы отын түсіріп алынып, қауіпсіз контейнерлерге салынды. Бұл — отынды жылу бөлгіш құрылғылардың бұзылуынан қорықпай-ақ сақтауға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде бірінші контурдағы натрийді тазарту жұмыстары жүзеге асырылу нәтижесінде натрийдің активтілігі үш дәрежеге төмендеді. Бұл өз кезегінде болашақта оны өңдеу және пайдалы жарату жұмыстарын жүзеге асырушы қызметкерлердің үлесіне тиетін дозалық жүктемені азайтуға жол ашады.
Ал жуырда үшінші міндет — өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған натрийді құйып алу жұмысы жүзеге асырылды. Натрий арнайы ыдыстарға құйып алынды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 1-желтоқсанда жылдам нейтрондарға негізделген БН-350 атомдық реакторының бірінші контурындағы натрийді дренаждау шарасы табысты жүзеге асырылды. Бұл айрықша шара реактор жұмысын біржола тоқтату туралы үкімет шешімінен кейін БН-350 реакторын ядролық және радиациялық қауіпсіз жағдайға келтіруге бағытталған бірінші кезектегі шаралар жоспарына сәйкес атқарылды.
Қажетті құрал-жабдықты жобалау және жалпы дренаждау жұмыстарын отандық мамандар жүзеге асырды. Сөйтіп, БН-350 реакторын пайдаланудан шығару шараларының 2001-жылғы қолданылған ядролық отынды буып түю шарасынан кейінгі екінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Келесі кезеңде сұйық радиоактивті қалдықтарды қатты қалдықтарға айналдыру көзделген.
Ақтаудағы БН-350 реакторы шапшаң нейтрондарға негізделген әлемдегі тұңғыш реактор болып табылады. Қазір ол «Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК-ның құрамындағы «МАЭК-Қазақатомөнеркәсібі» кәсіпорнының құрылымына қамтылады. Орта есеппен жыл сайын БН-350 реакторын күтіп-баптау үшін 350-380 млн. теңге қажет.