Айым Жақсылықова дәретханаға қатысты дау бұлай ушығып кетеді деп ойламапты. Айтуынша, мектеп үшін ақша жинаудан бас тартқан оған ұлының ұстазы қырын қарай бастаған. Кейін тіпті кіші дәретін желеу етіп, күнделігіне әжетхана тесігін көздей алмады деп баттитып жазып берген.
Айым Жақсылықова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Күнделікке жазған жөнсіз ескертуін алғашқыда кешірген едік. Бірақ бұдан соң мектеп қорына ақша бермейтінімді айтқанда,қысым күшейді. Ұлымды сыныптың көзінше ұялтып, мектептегі жұмысшыларға баланы аңдытып қойған.
Мұны естіген оқушының қатарластары келеке ете бастайды. Екінші сынып оқушысының үлгерімі нашарлап, кіші дәретін ұстай алмайтын хәлге жеткен. Ақыры прокурорларға арыздануға тура келіпті.
-Прокурорлар тексеруден кейін №11 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Машкованың оқушымен арадағы қатынасының дұрыс болмағанын анықтайды. Ерсі қылығы үшін ұстазға сөгіс жариялаған. Осы оқиғадан ұялса керек, ол бірден жұмысынан кету туралы арыз жазыпты.
Қазір Татьяна Машкова бұл мектепте жұмыс істемейді. Ал оқушысы соңғы қоңырауға екі апта қалғанда ауылдағы әжесінің қолына кеткен. №11 мектептің директоры болса, екі тартыпты мәмілеге келтіру үшін барымызды салдық деп ақталады.
Ғалия Ізбасқанова, №11 мектептің директоры:
-Оқушының да үлгерімі жақсы, мінезі де жайлы. Ал мұғалім тәжірбиелі маман. Осы оқиғадан соң психологтарымыз олармен жұмыс істеді. Қоғамдық шараларға тарттық. Мектептен неге кетіп қалғанын білмеймін.
Директор бұл даудың ақша жинаудан басталғанын әрине мойындаған жоқ. Ал Айым Жақсылықова кенжесін кемсіткен мұғалімді сотқа берген. Оған қатысты шешім келер аптада шығарылуы тиіс.