Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, жаттығу аясында үш тапсырма бойынша жаттығулар өтпек. Олар: қызмет орындарының суда зардап шеккендерді құтқару бойынша өзара ықпалдастығы, ВЛ-35кВ сымының үзілу салдарын жою және тасқын салдарын жою кезінде штаб жанынан эвакуациялық пункт ашу.
Жаттығуларға облыс әкімінің орынбасары Мәлік Серікбаев жетекшілік ететін болады.
«Бұл жаттығулардың мақсаты — табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жүйесінің дайындық және мүмкіндік деңгейін көтеру, сондай-ақ, елдімекендерді, өмірге қажетті аумақтар мен нысандарды су басу жағдайында орталық және жергілікті атқару органдарының жұмысындағы үйлесімділікті арттыру», — деп атап көрсетті департамент өкілдері.
Жаттығу үш күнге жалғасады. Оған облыстың барлық шұғыл қызметтерімен қатар коммуналдық қызметтің мамандары да қатыспақшы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті