Жарияланды: 360

Ақтөбеде полицейді атып өлтірген лаңкес 12 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізеді

Ақтөбеде полицейді атып өлтірген лаңкеске қатысты үкім шықты. Күш құрылымдарымен болған атыста жалғыз тірі жалған Ғабит Құрманқұл 8 бірдей бап бойынша кінәлі деп танылды. Енді 12 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізуі тиіс.Үкім шығарған судья оның қылмыс жасаған кезде кәмілет жасқа толмағанын ескеріп, жазаны жұмсартқандығын айтып отыр.

Жақында ғана 18-ге толған Ғабит Құрманқұлдың жүзін бүгін көпшілікке алғаш рет сот залында көрсетті. Қарулы қақтығыс кезінде жараланып, ауруханаға түскен кезде күзетшілер өзге түгілі жақындарын да палата жанына жолатпаған болатын. Ал сот отырысы толықтай жабық есік жағдайында өтті. Енді ол лаңкес деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылып отыр. Бұл жазаның өзі жас болғандықтан жұмсартылды дейді судья.

Шапағат Әлнияз, Ақтөбе облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы:

- Сотталушы Құрманқұл. Сізге жалпы 12 жыл барлық тағылған айып бойынша кінәлі деп тапты сот. Барлық жазалар жиынтығы бойынша сізге 12 жыл тағайындап отыр. Себебі қылмысты сіз кәмілетке толмай жасағансыз.

Естеріңізге салсақ, тура бес ай бұрын Ғабит Құрманқұл екі сыбайласымен такси жүргізушісін пышақтап, оқиға орнына жеткен жол полициясының инспекторы Темірбек Жақсылықбаевты атып өлтірген болатын. Екі күн өткен соң тұтқындауға келген полицейлерге қаланың қақ ортасында қарулы қарсылық көрсеткені тағы бар. Сегіз сағатқа созылған арнайы операция кезінде 20-дан енді асқан екі күдікті Жолмырза Бекбауов пен Ерназар Мырзағалидың көзі жойылған-ды. Ал тірі қалған жалғыз Ғабит Құрманқұлға кесілген үкімге марқұм болған тәртіп сақшысының туыстары разы.

Сарыбай Төлеубаев, Т. Жақсылықбаевтың атасы:

- Бұл дін адамы емес. Діннің атын жамылып жүрген лаңкес, экстремист. Сондықтан келешектегі жастарға сабақ болу үшін, осындай лаңкестік жолға түспес үшін судьяның 12 жыл бергенін мен әділ деп есептеймін.

Ерінен ерте жесір қалып, жалғыз ұлының қылмыскер атанғанына Балзира Тұмақбаеваның сенгісі жоқ. Ғабитінің тірі қалғанына тәубе еткенімен, әлі де болса ақтап алуға барын салатындығын айтады.

Балзира Тұмақбаева, Ғ. Құрманқұлдың анасы: 

- Баламды жазықсыз деп ойлаймын. Еріп кетті балаларға. Енді сол ақ- қарасын айыра алмаймын. Жазықсыз. 17 жастағы бала. Үкім солай, прокурорлар шешіп тұр ғой.

Ғабит Құрманқұлдың адвокаттарының айтуынша, сотқа шақыртылған куәгерлердің барлығы дерлік оның қылмыс жасағандығын айғақтамаған. Сондықтан қарсы арыз түсіруге дәлеліміз бар дегенді айтады. Енді олар облыстық апеляциялық сотқа шағымданбақшы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін