Ақтөбеде жаңа оқу жылы басталғанда мектеп жөндеуге жабылып қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде  жаңа оқу жылы басталғанда  мектеп  жөндеуге жабылып қалды

Ақтөбеде жаңа оқу жылы басталғанда мектеп жөндеуге жабылып қалды

Шенеуніктердің керітартпалығы ақтөбелік оқушыларды сабылтып қойды. Мұнда тура жаңа оқу жылы басталғанда мектеп жөндеуге жабылды. 400 бала енді көршілес орналасқан білім ордаларында оқуға мәжбүр. Ал жергілікті атқамінерлер болса, мектепте құрылыстың басталғанын ата-аналарға ескерпеген де. Ала жаз бойы неге қамданбады деп ашынған ата-аналар бүгін сол мектептің алдында шу шығарды.

  • 12 Қыркүйек 2014
  • 344
Фото - Caravan.kz

Ақтөбедегі №4 мектептің оқушылары бір аптадан бері көрші орналасқан өзге білім ошақтарының есігін жағалап жүр. Себебі өздерінің мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жақында ғана басталыпты. Ол енді кемі бір тоқсан бойы жалғасады. Олардың осыншама уақыт сандалып жүретіндіктерін ата-аналары тек бірінші қыркүйек күні мерекелік жиынға келгенде бір-ақ білген.

Ілгек Сарбеков, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-Анығын дұрыс айтпады. Біздер әркім бірімізден-біріміз сұрастырып білдік қайда барамыз деп. Линейка күні ең болмаса айтса екен. Оны да айтқан жоқ.

Қазір оқушылар сабақ оқуы тиіс бөлмелерде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Дегенмен, көшіп-қонып жүрген балалардың жағдайымен шенеуніктер санаспайтын секілді. Сондықтан ашынған ата-аналар мектеп алдында наразылықтарын білдірді. Білім ошағының басшысы болса, қазынадан ақшаның кеш бөлінгендігін айтып барынша ақталуда.


Мәншүк Бағысова, №4 мектеп директоры:

-Бізге республикалық трансферттен ақша бөлінді. Келісім  25-ші тамызда ғана бекітілді. Жөндеудің ұзақтығы үш ай. Қыркүйек, қазан, қараша айлары. Ертерек бітірсек, өз мектебімізге көшіп келеміз.  

Бұл мектептің күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 85 миллион теңге бөлінген екен. Ата-аналар асығыс жүргізілген жұмыстың шала болмасына күмәнданады. Сондықтан келер жылы да балалары әрі-сәрі күйге түспесіне шенеуніктерден кепілдік сұрап отыр.