Қобда ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғындары тоқырау кезінде шаруашылықтарын шашау шығармай, серіктестікке біріккен. Сол уақыттан бері егін егіп, мал бағып өз беттерімен күн көріпті. Бірақ соңғы үш-төрт жылда жаңа директор келгелі істерінен береке кеткенін айтады. Жұмабай Сатыбалдиев ешкіммен санаспастан техника мен ауылдағы ғимараттарды оңды-солды сата бастаған көрінеді. Енді тіпті шаруашылықты банкрот деп жариялаған.
Майлыбай Бисекенов, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны:
— Ақыр аяғында банкротқа айналдырайын деп отыр. Оның неге, қалай екенін білмейміз? Өзіміздің үлесімізді алайық алғанша. Ал кетем деген кісі кете берсін.
Шаруашылықтың құрылтайшысы ауыл тұрғындары болғандықтан барлығы директордан есеп беруді талап еткен. Басшы бұған илікпеген соң прокуратура мен ішкі істер бөліміне де арызданыпты. Бірақ ол жақтан әзірге жауап жоқ. Енді шаруалар өздеріне тиесілі жер үлесінен айрылып қаламыз ба деп қауіптеніп отыр.
Аманжан Қашанғазин, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны:
— Өзіміздің жерімізді, үлестерімізді, халықтың пай үлесі дей ма, сол мына тұрғанның барлығы құрылтайшы. Біздің талап ететініміз ана алдында жоқ қылған заттарды орнына қойсын да, сосын орынды босатсын.
Жер үлестерін талап еткен тұрғындар директордың жағасына да жармасты. Бірақ ол жауап беруден тағы да жалтарып кетті.
Арнайы құрылыған комиссия алдында есеп беруге тиісті Жұмабай Сатыбалдиев қан қысымының көтерілгенін айтып жиналысқа қатысудан бас тартты. Басшының денсаулығы дәл осындай кысылтаяң шақта аяқ астынан шатқаяқтап кетуі әдетке айналған дейді тұрғындар.
Ашынған ауыл тұрғындары бұл жолы да директор есебін тыңдай алмады. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болудан шаршадық дейді олар. Енді мәселе шешілмейтін болса бүтін бір ауыл жиылып сотқа жүгінбекші.