«»Қазақтелеком» 13 наурызда Қазақстанның бірнеше қаласында Интернетке қол жеткізу мүмкіндігінен бір жақты ажыратса, 14 наурызда «Арна» компаниясы жалға алып отырған телефон желілерін үзе бастады. Бұл қадамды ол қызмет ақысын төлемеуге байланысты шара қолдану деп ақтауда. Біз бұны ойдан шығарылған сылтау деп санаймыз», — деп мәлімдеді бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Арна» АҚ-ның бас директоры Гүлмира Рахымжанова.
Баспасөз баянындағы ақпаратқа сәйкес, «қалыптасып отырған жағдайда «Арна» акционерлік қоғамы «Қазақтелеком» АҚ-мен бәсекеге түсе алмайды деп топшылаған монополистің еншілес құрылымы — «Алматытелеком» ҚТО «Арна» акционерлік қоғамының тұтынушылар алдындағы беделін түсіруге бағытталған жоспарлы іс-шараларды жүзеге асырды». «Мәселен, «Арна» акционерлік қоғамы жалға алып отырған телефон желілері үзілуі мүмкін деп қоқан-лоққы жасау арқылы «Алматытелеком» ҚТО қызметкерлері «Арна» акционерлік қоғамының абоненттерімен байланысқа шығып, оларды өзіне қаратып алуға талпынуда», — делінген мәтінде.
Сонымен бірге, компания бас директорының айтуынша, «»Қазақтелеком» тіпті былтыр да барлық ережелерді бұза отырып, мерзімге бағынбастан, ешбір хабарландыру бермей, өзінің телефон байланысы қызметінің құнын көтеріп жіберді». «Егер біз бұрын телефон желісі үшін 3500 теңге төлеп келсек, қазір бізден «Қазақтелеком» 19500 теңге төлеуді талап етуде. Біз оларға сұрақ жолдап, негіздемесін білуге тырыстық. Біз оларды келіссөздерге шақыруға да талпыныс жасадық. Бірақ, өкінішке орай, біздің ұсынысымызға пысқырып та қарамаған «Қазақтелеком» қысым көрсету мен қоқан-лоққы жасау тактикасын таңдап алды», — деді ол.
Нарықта біркелкі емес жағдай тудыруға бағытталған монополистің іс-әрекеттерінен «Арна» АҚ 2008 жылдың 1 наурызындағы жағдаймен 15 000 000 теңге көлемінде шығынға ұшырады, дейді ол.
«Нарықтағы оператор-монополист болып табылатын «Қазақтелеком» баға саясаты үшін мемлекеттік органдардың алдында есеп беруге міндетті емес. «Соның салдарынан нарықта қарапайым тұтынушы үшін телефон үшін абоненттік төлем 450 теңге, заңды тұлғалар үшін — 1000 теңге болса, біздер — операторлар үшін бұл көлем 20 есе артық», -деп мәлімдеді «Арна» АҚ бас директоры.
«Оларға және мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы біз өз мүддемізді қорғауға талпынып отырмыз, өйткені, бұл жайт біздің қаржылық тұрақтылығымызға қауіп төндіреді, сондай-ақ, ол нарықтағы бәсекелестерді ығыстырып шығаруға, телекоммуникация нарығын толық бақылауға алуға, баламалы операторларды шектеуге бағытталған жоспарлы қадам болып табылады. Нарықта жұмыс істейтін барлық операторлар осындай жағдайда», — деді Г. Рахымжанова.
«Арна» АҚ мұндай жағдайдан тек мемлекеттік органдардың көмегімен ғана шығуға болады деген пікірде. «Бүгінгі ахуалды мемлекеттік билік органдарының араласуынсыз түзету мүмкін емес. Сол себепті бүгін біз ел үкіметі мен уәкілетті органдардан байланыс саласында қалыптасқан ахуалдың мән-жайын анықтауды сұраймыз. Монополистің аранын шектейтін және нарықты дамуға жетелейтін уақыт жетті», -деп мәлімдеді «Арна» АҚ өкілдері.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті