Әртүрлі саяси шиеліністер діни шиеленістерге әкеп соғуы мүмкін - дінтанушы Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әртүрлі саяси шиеліністер діни шиеленістерге әкеп соғуы мүмкін -  дінтанушы Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы

Әртүрлі саяси шиеліністер діни шиеленістерге әкеп соғуы мүмкін - дінтанушы Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы

2021 жылы өткен халық санағы бойынша Қазақстан халқының 69,31% мұсылман, 17,04% мәсіхші (христиан), 2,25% дінге сенбеушілер, 11,01% дін туралы сұраққа жауап беруден бас тартқан.

  • 29 Мамыр 2023
  • 207
Фото - Caravan.kz

Бұл деректі дінтану магистрі, PhD докторанты Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне берген сұхбат барысында  келтірді. Саясат пен дін тақырыптары бір-бірімен қаншалық ұштасып жатыр? Осы төңіректегі сауалдарымызды қойып көрген едік.

— Дәстүрлі емес діни топтарға біздің мемлекеттің ұстанатын саясаты қандай?

Қазақстан Республикасының заңнамасында жалпы "дәстүрлі емес діни топтар", "жат діни ағымдар" деген ұғым көрсетілмеген, бірақ іс жүзінде бұл ұғым радикалды діни ағым ұстанушыларына және экстремистік/ террористік деп танылып, тыйым салынған ұйымдарға қатысты айтылады. Дін саласындағы заңнаманы түсіндіру мақсатында Қазақстанның әр өңірінде Дін істер басқармаларының жанында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру топтар құрылған. Ол топтар әртүрлі нысандарда дәріс береді. Ол базар, мектеп, колледж, жоғары оқу орны және т.б. нысандар болуы мүмкін. Одан бөлек елімізде деструктивті идеологияның құрбандарына көмек беру мақсатында құрылған оңалту орталықтары бар.

— Қазіргі жастардың дінге деген көқарасын  қалай бағалар едіңіз?

Қазіргі жастар арасында дінмен шұғылдану кең таралғаны көрінеді. Жастардың арасында діни атрибутиканы қолдану жиілеп бара жатыр деп өзім жеке бағалаймын. Жастардың сөйлеген сөздерінде діни терминдер көптеп кездесуде.

— Ал әлеуметтік желінің кең қолданысы қалай әсер етіп жатыр?

Жастардың дінге деген қызығушылығының оянуында әлеуметтік желілердің рөлі зор деп есептеймін. Себебі, қазір көптеген блогерлер өз діни ұстанымын жариялап, дінге қатысты көптеген блог, подкасттар шығарып жатыр. Ғаламтордағы бұндай әрекеттер тіпті діни насихат, уағызға да айналып кетеді. Ал ғаламтордағы ақпарат тұтынушылардың арасында жастар басым екені анық. Желіде діни мекемеге арналған қайырымдық науқандардың жарнамаларын байқауға болады. Оларды жарнамалайтын жастар аз емес.

— Халық арасында бұрынғыдан қарағанда діни иммунитет қалыптасты ма?

Әрине. 90-ы жылдармен салыстырғанда қандай да болсын діни иммунитет қалыптасты. Кеңес Одағы ыдыраған соң идеологиялық, құндылықтық вакуум пайда болды. "Қасиетті орын бос болмайды" дегендей, ол вакуумды әртүрлі идеялар, соның ішінде діни идеялар толтыра бастады. Ол идеялардың сапасы қандай екені маңызды болған жоқ. Себебі, адамға ең бастысы өмірдің мәні туралы сұраққа жауап қажет болды. Әртүрлі ұстаным, идеялардың ара жігін ажырату, оларды іріктеу, оларға сын тұрғысынан қарау әркімнің қолынан келе бермейді. Қолынан келсе де, әркімнің бұған деген ықыласы бола бермейді. Бірақ уақыт өте келе діни сауатсыздықтың салдары қайда апаратыны анық болғаннан кейін, бұл мәселеге аса назар аударыла басталды. 2011 жылы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заң қабылданды. Бұл Заң бекітілгенімен дінтанулық сараптамаға, миссионерлік қызметке зор назар аударыла басталды. Қазіргі таңда 20-30 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда халықтың діни иммунитеті күшейгені байқалады.

— Дін саласындағы кадр мәселесіне тоқталсақ. Бұл тұрғыда қандай түйіткіл немесе ілгерілеушілік байқалады?

Бұл жерде дінтану, исламтану және теология деген мамандықтарының ара жігін айыра білу қажет. Дінтану мамандығы діндерді жалпы әлеуметтік, психологиялық және т.с.с. феномен ретінде қарастырады. Демек, дінтанушылар жалпы ғылыми тұрғыдан әртүрлі діндерді зерттейді. Исламтану да тура солай, бірақ исламды ғана зерттейді. Теология дегеніміз, бұл қандай да бір діннің ілімін сол діннің ұстанушысы тұрғысынан зерттеу. Демек, ислам теологиясына келсек, ислам теологиясын оқитындар, бұл міндетті түрде сенімін тереңдеткісі келетін діндар мұсылман кісілер. Біздің қоғамымызда кейде осы үш ұғымды шатастырады. Теолог-имамдарды дінтанушы деуі мүмкін, зайырлы исламтанушыларды теолог деуі мүмкін және т.с.с. Одан бөлек, исламтану мен теологияны алсақ, кейбір мамандардың өзі бұл екі мамандықты бірдей көруі мүмкін. Ол несімен қауіпті? Мысалы, исламтанушы саналатын маман өз мамандығын теологиядан ажырата алмаса, зайырлы мекемеде дәріс берген кезде, исламды ғылыми тұрғыдан сипаттаудың орнына, діни үгіт-насихат жүргізіп кетуі әбден ықтимал. Осыған зор мән беріп, айтылғандай жағдайды болдырмау қажет, әсіресе біздің елімізде. Зайырлылық қағидатын қатаң ұстану қажет. Жалпы алсақ, әрине, дін саласындағы кадрлардың сапасы уақыт өте келе жоғарылап келе жатыр десек болады. Бұның себебі біздің елімізде діни оқу орындарынан бөлек, дінтану және исламтану мамандықтарын зайырлы сипатта оқытатын жоғары оқу орындары бар болғаны деп санаймын. Атап айтқанда, бұндай зайырлы жоғары оқу орындарының алғашқысы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.

— Еліміздің ұстанғант саясаты мен дін бір-біріне қаншалық әсерін тигізеді?

Тарих бойы дін мен саясат қатар жүретін ұғым. Зайырлы мемлекет, яғни "дін мен мемлекет бөлек" деген ұғым тарихи тұрғыдан жақында ғана пайда болды десек болады. Қазір зайырлы саналатын елдер 100-200 жыл бұрын дінді өзінің мемлекеттік идеологиясы ретінде ұстанған. Дін негізінде заңдар шығарылып, саясат жүзеге асқан. Дегенмен, қазіргі зайырлы елдерде де діннің рөлі өте зор. Мысалы, Ресей мен Украина арасындағы саяси шиелініс діни қақтығысқа әкеліп соқты. Егер бұрын Украина жері Орыс Ортодоксал (Православ) Шіркеуінің (орысша РПЦ) канондық аймағы саналған болса, кейінгі саяси дағдарыс кезінде Украина саяси билігі Константинополь патриархы Варфоломейден Украина шіркеуі үшін автокефалия туралы томос сұратып алды. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта Мәскеу Патриархатына бағынбайтын дербес Украина Ортодоксал Шіркеуі бар. Біздің еліміздегі Орыс Ортодоксал (Православ) Шіркеуіне келетін болсақ, ол діни тұрғыдан Мәскеу Патриархатына бағынады. Дүниежүзі бойынша протестант-мәсіхшілер Батыс елдерінде, оның ішінде әсіресе АҚШ-та көптеген конференцияларға қатысып, жиналады. АҚШ халқының көпшілігі, Президенттерінің көбісі мәсіхшілік дінінің протестантизм бағытын ұстанады. Суннит мұсылмандарының орталығы көбінесе Саудия мен Мысырда. Қазақстандағы теологтардың арасында Мысырдағы "Әл-Әзһар" деген діни жоғары оқу орнын бітіріп келгендер аз емес.

Әртүрлі саяси шиеліністер діни шиеленістерге әкеп соғуы мүмкін. Және керісінше, дін негізіндегі қақтығыстар елдердің арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Сол себепті, Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміздің байсалды, көпвекторлы саясаты қазіргі заман үшін тиімді.

— Тәжірибеде уөп ұлтты елде бейбітшілікті сақтау үшін қандай амалдар қолданылады?

Бейбітшілікті сақтау үшін зайырлы, толерантты қоғам қалыптастырады. Яғни, дін, тіл, нәсіл негізінде сегрегацияны болдырмайды. Бұл тұрғыда біздің елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы деген бірегей институт бар.

—  Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар
Тоқаев 71 жасқа толды
Жаңалықтар 17 Мамыр