Жарияланды: 510

А.Сәрсенбаев пен Л.Жуланова "Ақжол" демократиялық партиясының тең төрағасына сайланды

Кеше, 9-қарашада Алматыда "Ақжол" демократиялық партиясының сьезі өтті. Құрылтайда қаралған басты мәселе - партияның таяу болашақтағы іс-қызметінің басты бағыттарын айқындау болды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Құрылтайда партияның тең төрағаларының құрамы ұлғайтылды. Партияның қазіргі тең төрағалары Әлихан Бәйменов, Болат Әбілов пен Ораз Жандосов жаңа мерзімге қайтадан сайланса, Алтынбек Сәрсенбаев пен Людмила Жуланова "Ақжол" демократиялық партиясының тең төрағасына қосымша сайланды. А.Сәрсенбаев 1962-жылы 12-қыркүйекте туған. С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін журналист мамандығы бойынша бітірді. Саяси ғылымдар кандидаты. Ол ҚР үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияны, бұқаралық ақпарат және баспа министрлігін, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігін, сондай-ақ, қауіпсіздік кеңесін басқарды. 2002-жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Өткен аптада А.Сәрсенбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін жұмыстан босату туралы өтініш берген. Мемлекет басшысы бұл өтінішті 4-қарашада қанағаттандырды. Л.Жуланова 1946-жылдың 14-қазанында туды. Рудный индустриялық институтын құрылысшы-инженер мамандығы бойынша тәмамдады. Мектеп мұғалімі, кітап дүкенінің сатушысы, зауытта инженерлік қызметтер атқарды. 1991-жылы Лисаковск қалалық әкімшілігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. ҚР Жоғарғы кеңесінің экономикалық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі болды. ҚР үкіметі аппаратының кеңесшісі, бөлім меңгерушісі (1995-1997); ҚР үкімет басшысы кеңсесінің бөлім меңгерушісі, кеңесшісі (1997-2000); ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары (2000-2001) болды. 2001- жылдың сәуір айынан бері зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін