Жарияланды: 290

Әскерилерге 5 пайызбен ипотека берілмек

Әскерилерге 5 пайызбен ипотека берілмек

2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлерге 5 пайыздық мөлшерлемемен ипотека беруді жоспарлап отыр.

Бұл туралы ТҚЖБ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әскери қызметкерлерді қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше шараларды қолға алдық. Шамамен 60 мыңнан астам әскери отбасы баспаналы болу үшін жинақ жүйесіне қатыспақ. Олардың ішінде Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Шекара қызметінде, Ұлттық гвардия мен Мемлекеттік күзетте қызмет атқаратын әскерилерге жағдай жасалмақ», - деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, осыған байланысты ТҚЖБ бүгін-ертең Қаржы министрлігінде бірнеше отырыс өткізеді.

«Әскери қызметкерлер үшін алдын ала займның 5 пайыздық мөлшерлемесін қарастырып отырмыз. Келер жылы бюджетіміз 120 млрд теңгені құрайды. Бұл жобаға 2018-2019 жылдары 8 мың әскери отбасы қатыса алады. Қалғандары ТҚЖБ-мен бірге ақша жинауды жалғастыра береді. Әскерилердің кез келген банктен ипотека ала алатынын айта кеткен жөн. Біз әлеуметтік және мемлекеттік банк болғандықтан оларға тиімді шарттарды қарастыруымыз қажет. Осыған орай жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Бүгінде тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша ақшаны кем дегенде үш жыл жинау керек. Алайда ипотека, яғни ақшаның 50 пайызын құйып, алдын ала займ да алуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть