Жарияланды: 670

Астана: Аграрлық университетте ТМД елдері ғалымдарының халықаралық симпозиумы өтті

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ТМД елдерінің агрохимик және агроэколог ғалымдарының «АгроХимЭко-Достастығы» атпен халықаралық симпозиумы өтті.

7-10 маусым күндері аралығында өткен халықаралық симпозиум барысында агрохимиялық зерттеулердің әдістерін жетілдіру, олардың топырақ құнарлығын арттырудағы рөлі турасында өзекті мәселелер талқыланды. Оған Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Украина сондай-ақ, Тәжікстан, Польша және Қытай елдерінен есімдері әлемге белгілі 30-ға жуық ғалым қатысты. Олардың арасында, «АгроХимЭко-Достастығы» президенті, Ресей Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (РАШҒА) академигі Василий Минеев; Д.Н.Прянишников атындағы Бүкілресейлік агрохимия ғылыми-зерттеу институты директоры, РАШҒА академигі Виктор Сычев; Брянск ауылшаруашылық университетінің (Ресей) ректоры, профессор Николай Белоус; Щетин аграрлық академиясының (Польша) профессоры Эдвар Кшыва; Қытай Халық Республикасы Ғылым академиясының география және экология институты директорының орынбасары Жаналел Абдували; Беларусь ауылшаруашылық академиясының проректоры, профессор Тамара Персикова бар. Ал қазақстандық тараптан белгілі агрохимиктер мен топырақтанушылар, әрі симпозиумды ұйымдастырушылар: ҚР ҒА және РАШҒА академигі, ҚР және РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рақымжан Елешев; ҚР Ауылшаруашылық академиясының академигі, «Ө.Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Абдулла Сапаров; А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Айтбай Бұлашев бастаған университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Ғылыми кеңестің шешімімен симпозиум барысында, В.Минеевке С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың профессоры академиялық атағы берілді. В.Минеев ұзақ жылдар бойы Бүкілодақтық тыңайтқыштар және агротопырақтану ғылыми-зерттеу институтын және 200-ден астам жоғары оқу орны мен ғылыми-зертеу институттарын біріктірген - топырақ-агрохимиялық егістік алаңдары тәжірибесінің Одақтық географиялық желісін басқарды. 1970 жылы Одақтық географиялық желі құрамына Целиноград ауылшаруашылық институты (қазіргі С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ) кірді. Институт - зерттеулерге әдістемелік әрі қаржылай қолдау көрсете отырып, агрохимиялық ғылымның, Қазақстандағы жалпы ғылымның дамуына зор үлес қосты. Оқу орнының қазіргі студенттері В.Минеевтің агрохимия және экология салалары бойынша жазған классикалық оқулықтарынан білім алуда. Симпозиум қатысушылары үшін университеттің профессорлық-оқытушылар құрамының қол жеткізген ғылыми жетістіктерінің ақпарат түріндегі көрмесі және ғалымдар еңбектерінің кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін