«Астана Балет» театры Нью-Йоркте өнер көрсетеді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Астана Балет» театры Нью-Йоркте өнер көрсетеді

«Астана Балет» театры Нью-Йоркте өнер көрсетеді

Қаңтардың 17-сі күні «Астана Балет» театры Нью-Йорктың ірі мәдениет ошағы Линкольн орталығында «Қазақстан «Астана Балет» Гала» бағдарламасын паш етеді.

  • 14 Қаңтар 2018
  • 171
Фото - Caravan.kz

Түрлі жанрдағы хореографиялық өнердің бұл көрсетілімі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткізіліп отырған «Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасының аясында ұйымдастырылмақшы. Бұл туралы ҚазАқпарат «Астана Балет» театрының PR-қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Астана Балет» театрының Нью-Йорктегі бұл бағдарламасы «Ел жүрегі — Астана» атты елордасының жиырма жылдығына арналған мерекелік мәдени іс-шаралардың басы болмақ. Осы жылдардың ішінде ел ордасы Қазақстанның ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағының қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің ірі орталығына айналып үлгерді. Астана Еуразия аумағындағы халықаралық орталық саналады.

Линкольн орталығында «Астана Балет» труппасы отандық хореография өнерін алғаш таныстырып отырған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын, жетекші хореографиялық ұжымның америкалық сахнадағы дебюті өтіп, сұлулық пен әсемдік, сымбат пен нәзік бейнелер әлемі Нью-Йорк көрерменінің таңданысын тудырған еді. Бұл жолы көрермендердің ықыласына бөленген «Астана Балет» атты ең жас қазақстандық театр контрастты бағдарламасын ұсынбақшы. Ол пластика тілімен жеткізілген ұлттық мәдениет өрнектері мен жарқын балет спектакльдерінің үзінділері.

«Театрдың шығармашылық ұжымын үлкен жұмыс күтіп тұр. Мәдениетімізді таныстырып, Қазақстанның ұлттық және заманауи балет өнерін әлемдік қауымдастыққа паш етіп, көрермен пейілін өзімізге қаратып алуымыз керек», — деді, театр директоры Валерий Күзембаев.

«Астана Балет» классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің бар байлығын бойына сіңіріп, соның негізінде тың хореографиялық туындылар мен орындаушылық өнердің жаңа үлгілерін жасап келеді. «Астана Балет» театры заманауи бағыттағы ұлттық биді зерттеп, дамытуға да баса көңіл аударып, қазақ биінің сұлулығы мен пластикалық үйлесімдігін ашатын жаңа хореографиялық миниатюралар шығарып жүр. Мұнда халық биінің тамыры терең, ерекше сипатына, оның болмысына барынша мән беріледі. Себебі, ұлттық би арқылы көрермен біздің мәдениетімізбен танысады. Сондықтан ұлттық би, театрдың барлық гастрольдік сапарларындағы концерттік бағдарламаларға қосылып, біздің театрды әйгілеп тұрған дүниеге айналды.

«Нью-Йоркке сапарымыздан кейін, театр жаңа шығармашылық белестерді бағындыруға қанаттанады деп ойлаймын. Жас әртістер үшін гастроль — шығармашылығына шабыт бітіретін дүние, сонымен қатар, жаңа көрермен, бөтен аудиторияның алдында өз күш-қуатың мен мүмкіндігіңді сынаудың жолы. Нью-Йорктегі гастрольге репертуарымыздағы ең үздік қойылымдарды таңдадық — «Ұлы Дала мұрасы» атты хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінен құралған ұлттық бағдарлама; Алтынай Асылмұратова қойған «Щелкунчик» балетінен па-де-де; «Divercity» және «A fuego lento» атты неоклассикалық балеттердің үзінділері, бельгиялық хореограф Р.Амарантенің «Love Fear Loss» атты бір актілі балеті қойылады», — дейді театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына ұлттық бояуы қанық хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділері еніп отыр. Барлық композициялардан халық дәстүрінің байлығын танып, сан-қырлы эмоциялық күйге бөленесіз. Көркем музыка, қайталанбас көркем бейнелер арқылы бұл қойылымдар жүрегіңіздің түбіне бойлап, жадыңызда хатталып қалады. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына қарап, жарқын, екпінді дамып келе жатқан әрі бірегей заманауи ұлттық балет жайлы бағамдауға болады.


«Love Fear Loss» (музыка — Эдит Пиаф репертуарындағы әндердің тақырыбы, хореограф — Рикардо Амаранте) — Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның әндерінің әуенінен сусындаған туынды. Мұнда әйгілі әншінің түрлі ерлермен қарым-қатынасы көрініс тапқан. Бір арнаға тоғысқан Пиаф әндері махаббат ұранына айналып, әлемді тамсандырды. Балеттің әр дуэті құштарлық пен махаббат, айырылып қалу қаупі мен үрей сезімдерін өрнектейді.

«A fuego lento» атты келесі бір актілі балет — махаббат сезіміне алғаш еліткен тұстағы бойыңызды билеген үрей мен дүлей күшті сипаттайды. Тәніңіз ерекше күйге бөленіп, ал, құштарлық сезімі тұла-бойыңызды өртейді. Ғашық жанның әрқайсысы үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысып, өмірдің мәні тек махаббат болмақ. (музыка — Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф — Рикардо Амаранте).

Репертуардың сан-алуандығы, орындаушылық шеберлік пен сахналық безендірудің жоғары сапасының арқасында «Астана Балет» театрының қойылымдары өз елімізде ғана емес, шетелдерде де зор қошеметпен қабылданады.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Балет» театры Мәскеу мен Санкт-Петербор (Ресей), Бейжің (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзербайжан), Минск (Беларусь), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша), Брюссель (Бельгия) қалаларының әйгілі сахналарында өнер көрсеткен.

 

Соңғы жаңалықтар