Опера және балет театрына әкім Иманғали Тасмағамбетовтың командасы сахналық қойылым тамашалауға емес, президенттен кезекті шеберлік сабағын алуға жиналып жатыр. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаевқа Елорданың бас жоспары таныстырылды. Макетте барлығы тамаша. Бірақ Елбасы бүгін макеттегі Астананы емес, оның тасада қалған тұстарын сынады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Міне, қараңыздаршы, Сулы жасыл желекте, басқа жерде емес қаланың ортасында, ең өтімді жерде құрылыс жүргізу үшін алынған учаске. Адамдар оның қоқыс жинайтын жер екендігін түсініп, қоқыстарын әкеліп тастайтын болды. Сен соны білесің бе? Бұл барып тұрған бассыздық қой.»Ажар» сауда орталығының артындағы құрылыс 5 жылдан асты әлі бітпеген. Тіпті қирап жатыр. Ешкім қадағалап жатқан жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаевты Астананың шеткі аудандарының адам шошырлық келбеті де қынжылтты. Сондықтан орталықты жалтырата бермей, шетін де шұғыл ретке келтіруді талап етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Бұл Көкжиек көшесі ма? Қай ауданда?
— Алматы
— Мына жағдайды шеше аласың ба?Көшені саласың төңірегінің бәрі балшық. Баяғыдай қорадағыдай балшық. Сол балшықты машинаның дөңгелегіне жапсырады. Сосын бәрін саз қылады.
Мұнымен Елбасының әшкерелеруші айғақтары біткен жоқ. Алқам-салқамы шыққан базарлар мен тас талқаны шыққан жолды да сынады. Сосын бюджеттің миллиардтарын тендерде ұтып алып жібі түзу жол салмайтын компанияларға шүйлікті. Бірақ оларға күтпеген жерден қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов араша түсіп, пәленің бәрі ауыр жүк көліктері мен бұдырлы шегесі бар дөңгелектерден деп салды. Сондықтан оған «тыйым салайық» деген ұсыныс айтып отыр.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
-6 ай қыста осындай бұдырлы шегесі бар дөңгелектер асфальт шақ келтірмейді. Еуропада мұндай доңғалақпен жүруге рұқсат жоқ Астанада 400 мың машина бар. Көшені тазалап жатырмыз. Енді шегесі бар доңғалақ салып не керегі бар?!
Әйтсе де, президент тыйым салмас бұрын, дұрыстап ойлануға тапсырма берді. Ал 3 сағатқа созылған жиында таяқтың ұшы Иманғали Тасмағамбетовтың командасына ғана емес, премьерден бастап барлық министрге тиді. Ескерту алған атқамінерлер орындарынан жаппай тұрып олқылықты түзейміз деп ақталды.
-Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменінен соң шенеуніктер, Есілдің сол жағалауын ғана емес, қараусыз қалған Астананың шеткі аудандарын шұғыл жалтыратуы тиіс. Сондай-ақ, бүгін президент пайдаланылмай бос жатқан жер учаскелерін қожайындарынан тартып алып оны инвесторларға беруді жүктеді. Және де, Елорданы өмір сүруге жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыруға тапсырма берді.