Жарияланды: 600

Астанада электр қуатының бөлшек саудасының жұмыс істеу және оны ұйымдастыру концепциясының жобасы қаралды

Астанада премьер-министр Даниал Ахметовтың төрағалық етуімен өткен отырыста электр қуатының бөлшек саудасының жұмыс істеу және оны ұйымдастыру концепциясының жобасы қаралды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі аймақтық энергетиканы реформалаудың екі түрлі үлгісін ұсынды. Бірінші радикалдық үлгі бойынша электр қуатының көтерме саудасы сақталып, электр желілік тарату компаниялары мен аймақтық энергия тарату компаниялары транспорттық компания ретінде саналады. Ал электр энергиясын сатушы компаниялар байқау негізінде бөлшек саудамен айналысатын болады. Екінші үлгі ауыспалы үлгі деп аталады. Оған сәйкес электр қуатын сату және сатып алу шаралары аймақтық энергия тарату желілері деңгейінде жүргізіледі. Ондай жағдайда аймақтық энергиялық компаниялар (РЭК) транзиттік желі ретінде жұмыс істесе, бәсекелестік орта аймақтық энергия тарату желілерінің негізінде қалыптасады. Қазіргі таңда аймақтық энергетикалық көтерме сауданы ірі Су электр станциялары, ГРЭС-тер мен КЕГОК тасымалдаушы компаниясы жүзеге асырып отыр. Сарапшы Кенжемұрат Дүкенбаевтың айтуынша, тұтынушылар реформаның игілігін әлі де сезінген жоқ. Оның айтуынша, электр станцияларында электр қуатының көтерме саудасы ұйымдастырылғанда баға шамамен 4 есе арзандаған. Ал қазір, осындай айырмашылықты тұтынушылардың сезінуі үшін электр энергиясын елді мекендерге жеткізу жұмысы бойынша бәсекелестік орта қалыптастыру керек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть