Жарияланды: 480

Астанада Елбасының төрағалық етуімен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті

Бүгін, 16-қазанда Астанада Елбасының төрағалық етуімен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Жабық есік жағдайында өткізілген отырыста еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру шаралары туралы, сондай-ақ, ақпараттық құрылымды дамыту және Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2 мәселе сарапқа салынды. Кеңесте ҚР үкімет басшысының орынбасары Сауат Мыңбаев, ҰҚК-нің төрағасы Нартай Дүтбаев, көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов, энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктер баяндама жасады. Алғашқы мәселені талқылау барысында Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру - елімізді дамытудың басты бағыттарының бірі, ұлттық мүддені қорғаудың маңызды көрініс-көрсеткіштерінің бірі екені айтылды. Мемлекет басшысының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, алғашқы мәселені талқылау қорытындысы бойынша Елбасы мемлекеттік мекемелерге Қазақстанның транзиттік потенциалын дамыту стратегиясының жобасы мен жекелеген бағдарламалық құжаттарды дайындауды қамтамасыз ету, арнайы маркетингтік және сараптама орталығын құру, сондай-ақ, еліміздің транзиттік тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды пәрмендендіру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, отырыста ақпараттандыру саласы бойынша атқарылып жатқан істер және еліміздің қазіргі ақпараттық қауіпсіздік жағдайына байланысты мәселелер талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу, сондай-ақ, заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіру, ішкі ақпараттық рынокты нығайтуға және отандық өндірістер мен технологияны дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін