Жарияланды: 420

Астанада Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне арналған Қазақстан-Иран консультациялары өтті

Астанада 4-наурызда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне арналған Қазақстан-Иран консультациялары өтті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Келіссөзге қатысушы Қазақстандық өкілдерді ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Әбусейітов, ал Ирандық өкілдерді Иран Ислам Республикасының арнаулы өкілі, осы елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Мехти Сафари басқарды. Кездесу барысында тараптар орта сызықты айқындаудың түрлі әдістемелері төңірегінде пікір алмасып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының бірқатар тәртіптерін қарай отырып, Каспий теңізінің құқықтық режиміне қатысты кейбір мәселелерді талқылады. Бұл мәселелер Каспийді қоршай орналасқан мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі арнаулы жұмыс тобының алдағы уақытта Бакуде өтетін отырысында сарапқа салынуы тиіс. Келіссөздер қорытындысын оң бағалаған тараптар кездесу соңында екі жақты консультациялар аясында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беруге келісті. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Каспий теңізінің табанын орта сызық бойынша бөлісу, теңіз айдынымен еркін кеме қозғалысын қамтамасыз ету туралы Әзербайжан, Қазақстан және Ресей елдері өзара мәмілеге келген. Ал Иран мен Түрікменстан болса теңіздің түбін әрбір мемлекеттің үлесіне 20 проценттен тиетіндей етіп қылдай бөлісу туралы ұсыныстан ауытқымай отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін