Астанада көпқабатты үш бірдей үй кәріз суының астында қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада көпқабатты үш бірдей үй кәріз суының астында қалды

Астанада көпқабатты үш бірдей үй кәріз суының астында қалды

Астанада үш бірдей көпқабатты үйді нәжіс суы басып қалды. Қатар орналасқан үйлердің кәріз жүйесі бұзылып, құбырлардан аққан қалдық жертөлеге жайылған. Соның кесірінен бірінші қабаттағы дүкен, шаштараз, тігін цехтарының қожайындары миллиондаған шығынға ұшырадық деп шырылдап отыр. Ал, пәтерлердегі жағымсыз иіске адам шыдап болмайды. Ол аздай тұрғындар екі күннен бері не ауыз су, не жарық көрмепті.

  • 14 Қыркүйек 2013
  • 421
Фото - Caravan.kz

Апат құрылыс компаниясы салып жатқан көпқабатты үйге арналған су сорғыштан шыққан. «Астана су арнасы» жекенің меншігіндегі бұл құрылғыға осы аудандағы үш үйдің кәріз жүйесін рұқсатсыз жалғап алған көрінеді. Ал, артық қысмды көтере алмаған су сорғыш ақыры тесіліп тынған. 

Міне, апаттан кейінгі аймақтағы көрініс. Әжетхана қалдықтары мен жуынды жан-жақты жайылып жатыр. Тұрғындар ұялы телефонға таспаға түсіріп алыпты. Ал, кәріз жүйесі бұзылған көпқабатты үш үйдің жертөлесі мүлдем жиеркенішті.

Жұртты күнделікті азық-түлікпен қамтып отырған шағын маркеттің тауары қазір нәжіс судың бетінде қалқып жүр. Табалдырықтан аттап, әрі қарай аяқ баса алмайсың, қалдық су белден асады.

Қожайындардың айтуынша, мұнда кем дегенде 4-5 миллион теңгенің тауары жатыр. Әсіресе, ана дүкеннің бұрышындағы электр қондырғысының су басып қалып кеткені қауіпті болып тұр.

Владимир Блынских,кәсіпкер:

— Апат болған күні хабарласпаған жерім қалмады. Бұл Төтенше жағдайлар қызметінің міндетіне кірмейді екен. Әкімшілікте ешкімнің басын ауыртқысы жоқ. Негізі Астана су арнасының міндеті ғой. Ондағылар мүлдем жуытпайды. Бастапқыда кәріз жүйесін дұрыс салмаған. Соның кесірінен жыл сайын осы жағдай қайталанады.

Су басып қалған шағын маркетте азық-түліктен өзге шаштараз, тігін цехы да жұмыс істеп келген екен. Енді кәсіпкерлер шағын шаруасының шығынын кімнен өндіріп алатындарын білмей дал. Тұрғындар болса, екі күннен бері далада жүр. Төменгі қабаттан жоғарыға көтерілген жағымсыз иіске адам шыдап болмайды. Ал, жарық пен ауыз су атымен жоқ. 


Бота Ахметова, Астана қаласының тұрғыны:

— Бірінші қабатқа кіріңіз, әне, сасып жатыр. Бұл бірінші рет емес,  жөндеу мүлдем  жасалмайды. Екі күн болды жарық  та жоқ. Балам мектепке барады.

Астана су арнасындағылар құбырдан атқылаған суды бітегендеріне мәз. Ал, үйлердің жертөлесіндегі жағдайға жауапты емес екен. 

Вахит Ниязов, «Астана су арансы» МКМ баспасөз хатшысы:

— Ол жердегі істен шыққан су сорғыш бізге тиесілі емес. BI-group-тің меншігіндегі жүйе. Біз бар күшімізді салып, апатты жойдық.

Алайда, жұрт оңай жеңілмек емес. Жауапты мекемелер біріне бірі сілтеп жүргенде тұрғындар келген шығынды қағазға тізіп, сотқа арыз түсірмек.