Жарияланды: 610

Атырау облысындағы екі ауыл халық тұруға қолайсыз экологиялық қатерлі аймақ деп саналды

Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Азғыр және Жылыой ауданындағы Кеңарал ауылдары таратылып, тұрғындары таяу жерлердегі елді мекендерге көшіріледі. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сырым Рысқалиев хабарлады.

Оның айтуынша, ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жасау барысында бұрынғы ядролық сынақ алаңына таяу орналасқан Азғыр мен Кеңарал ауылдары экологиялық ахуалы мейлінше қолайсыз ауылдарға саналды. Сондай-ақ, бұл елді мекендер экономикалық әлеуеттен жұрдай, не инженерлік инфрақұрылымды, не болмаса әлеуметтік дамуды қамтамасыз ететіндей алғы шарттардан ада қалған ауылдар деп танылды. С.Рысқалиевтің хабарлауынша, қазір мұнайшылардың көмегі арқасында Кеңарал тұрғындары Жаңа қаратон ауылына көшірілуде. Ал Азғыр тұрғындарын Афанасьев разьезіне көшіру мақсатындағы қаржыны республикалық бюджеттен бөлу көзделген. Бұл ауылда тұратын 99 отбасының әрбіреуін көшіру үшін 11 млн. теңге қажет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін