Мынау қаладағы академик Зиманов атындағы кітап үйі. Мектеп оқушыларына қажетті оқулықтардың дені осында сатылады. Оқу жылы басталғалы бері бұл жер айқай-шудың ортасына айналған. Кітапқа қайтсем де қол жеткізсем деген ата-аналар бірін-бірі таптап өтуге бар. Себебі, білім ордаларында оқулық тапшы болған соң, амалсыздан сатып алуға мәжбүр.
— Сабақтан кейін келіп тұрмыз баламен бірге. Енді бір сағат күтіп отырмыз. Бар ма, жоқ па, ол кітап, білмейміз, бос тұрмыз ба әлде.
Өңірде бірінші, екінші және тоғызыншы сынып оқушыларына арналған оқулықтар жетіспейді. Білім бөліміндегі жауапты мамандар болса, бұл жағдайды Атырауға жан-жақтан келіп жатқан балалар санының көбеюімен байланыстырады.
Людмила Хан, Атырау облыстық білім басқармасының әдіскері:
— Оқулық жетіспеушілігінің басты себебі – оқушылардың саны жыл сайын көбейіп келе жатыр. Әсіресе бастауыш сыныптарда. Бір кездері бастауыш сыныптар 2-ден болса, қазір олардың саны 3-4 есеге дейін көбейді.
Атырауда 2005 жылдан бері оқулық сатып алу үшін 50 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді қазынадан. Бірақ, мамандар мұның теңізге тамған тамшыдай екендігін айтады.
Оқулық сатып алу үшін бөлінген 50 миллионның 3 миллионы оны жан-жаққа тасымалдау үшін жұмсалады. Ал қалған 47 миллионды облыстағы 50 мыннан астам оқушыға бөлсек, әрқайсысына 940 теңге шамасында келеді. Ал бұл сомаға бір оқулықтың да келмейтіндігі белгілі. Сондықтан, қажетті қаражат толық бөлінбейінше, ата-аналардың кітап іздеп әуре-сарсаңға түсуі әзір басылмайтын секілді.