Жарияланды: 500

Ауған соғысының ардагерлері Қазақстан әскерін Ауғанстанға аттандыруға қарсы және осы құжатты ратификациялаған парламентті таратуды талап етті

Ауған соғысының ардагерлері Қазақстан әскерін Ауғанстанға аттандыруға қарсы және осындай келісімді ратификациялаған парламенттің таратылуын талап етті.

«Олар осындай қылмыстық заң қабылдады, соған байланысты біз мұндай мәжілістің жұмысын тоқтату керек деп есептейміз. Оны тарату керек, қызметтен қуу керек», - деп сәрсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ауған соғысы мүгедектерінің республикалық қоғамы төрағасы Сергей Махашев мәлім етті. Бірқатар ардагерлер ұйымдары «Жаңа соғысқа жол жоқ» деген атпен акция жариялап, мәжіліс қабылдаған осы заң жобасына қарсы қол жинауға кірісті, дейді ол. «Шараның мақсаты - Қазақстанның барлық азаматтарына НАТО-ның мүддесін қорғау үшін Ауғанстанға қазақ әскерін жіберу мәселесіне қатысты пікір білдіруіне мүмкіндік беру және Қазақстанды соғысқа араластыруға жол бермеу болып табылады. Акцияның бірінші сатысының нәтижесі 22-маусымда қорытылып, ел президентіне жөнелтіледі», - деп атап өтті ол. «Акция мұнымен тоқтап қалмайды (...) Акцияның екінші сатысы 22-маусым күні - Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толған күні басталады», - деді ол. С.Махашевтің айтуынша, мәжіліс тарапынан мақұлданған құжатта «барлық шығын біздің салық төлеушілердің мойнына түсетіні» анық жазылған. «Әскер енгізуге, солдаттарды тамақтандыруға кететін шығындардың бәрі біздің мойнымызда. Оған қоса, НАТО біздің әскерилеріміздің ол жақтағы тағдыры үшін мүлдем жауап бермейді», - дейді ол. Сонымен қатар, С.Махашев ресми билік орындарының «Ауғанстанға тек төрт әскери адам» аттанатыны туралы мәлімдемесін «шындыққа мүлдем жанаспайды» деп мәлімдеді. «Бұл құжатта Қазақстанға контингент жіберу туралы ұсыныс жасалғаны айтылған. Одан әрі қарай, жанар-жағар май, медициналық көмек пен басқа шығындардың бәрі біздің мойнымызға ілінген. Бұл жерде Ә4 адам емес, тұтастай әскери бөлімшелер туралы айтылып тұрған жоқ па?», - деп есептейді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть