"Аутизм таблеткамен емделмейді": Өзбек клиникары ата-аналарға жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Аутизм таблеткамен емделмейді": Өзбек клиникары ата-аналарға жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда

"Аутизм таблеткамен емделмейді": Өзбек клиникары ата-аналарға жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда

Әлемнің маңдайалды ғалымдары бұл дертке қарсы әлі шипа таппаған. Әзірге балаға көмек берудің жалғыз жолы – психокоррекциялық орталықтарға апару.

  • 7 Қараша
  • 99
Фото: Нейрожелі ұсынған

Қазір қоғамда аутизм дерті өршіп тұр. Балалар арасында кең тараған түрі, цифрлық аутизм, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Бұдан бұрын біздің тілшіміз аутизм тақырыбында екі ауқымды материал жазған. Белгілі болғандай, Қазақстаннан ем таппаған ата-аналардың 90 пайызы Ташкентке үміт арқалап сандалады екен. Көрші елдің дәрігерлеріне қаралып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай оралып жатқан ата-аналар да дабыл қағып жатыр. Мысалы Алматы қаласының тұрғыны Балнұр Шамұратова Ташкенттегі емнен кейін баласының ауруы керісінше, үдей түскенін айтты. Туғалы ауыр дертпен күресіп келе жатқан бүлдіршін дәрінің көп мөлшерінен талма ауруына ұшыраған. Өзбек клиникалары емдейміз деп, жалған ақпарат таратып, ауру үстіне ауру жамап беріп жатыр.

«Өкінішке қарай жақсы нәтижемен оралған жоқпыз ол жақтан. Күніне бес уколдан береді. Желкесінен екеу, жамбасынан үшеу салады. Сонда 10 күнде 50 укол аламыз. Менің балам айқайлап жылап қабырғаға басын ұратын әдет пайда болды», — дейді ана.

Бұл жағдай біздің қоғам белсенділерінің тарапынан алаңдаушылық тудырды. Өзбек клиникалары аутизмі бар балалардың ата-аналарына жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда деп дабыл қаға бастады.

2019 жылы 5 мың болса, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 11 282 балаға аутизм диагнозы қойылған. Балам бауыр етім, көзімнің нұры деп өсірген қазақпыз ғой, балаң ауырғанда жаның шығып кете жаздайтыны рас. Содан ата-аналар аутизмді емдейтін клиника іздеп, шарқ ұрады. Осындайда олардың көзіне жарнамасы мен маркетингі атой салып тұрған өзбек клиникалары кездеседі. Олар «баланы бірден емдеп жазамыз», «бірер күнде беті бері қарайды», «құлан таза айығып кетеді» деп уәдені үйіп төгіп, көкейінде күдік тұрған ата-аналардың асты-үстіне түседі.

Алайда Өзбекстан клиникаларында ұсынылатын ем-дом түрі дәлелденбеген, әрі аутизм саласындағы мамандар арасында өте үлкен сұрақтар тузығызып отыр. Бір жерден «өзбектер балаларға Қазақстанда жарты жылда салынатын екпені 10 күн ішінде салып тастайды» деген ақпарат шыққан. Әрине, мұндай «белсенді» екпеден кейін бала тынышталып, беті бері қарағандай болуы мүмкін. бірақ бұл тек бастапқы әсері. Ары қарай қандай жанама әсері, жағымсыз салдары боларын білмейміз. Оның үстіне әр бала әртүрлі реакция береді, бұл баланың өміріне қауіп төндіруі де мүмкін. Мұндай «агрессивті» емнен кейін аурудың ушығып кетпесіне кім кепіл? Онсыз да ағзасы әлсіз балаға күніне 5 екпе салады екен. Ойлап көріңіз енді, айына бұл жүздеген екпе ғой. Осылайша өзбек ағайындар онсыз да ағзасы әлсіз баланы дәлелденбеген ем мен дәрілермен «улап» жатыр.

Бұл маркетингтік әдіс десек те болады, осылайша өзбек клиникалары баласының денсаулығы үшін кұрескен ата-аналарды ұзақ мерзімге ұстап қалуға тырысады. Баланың ауырғаны клиникалар үшін қосымша табыс екені былай да түсінікті. Сондықтан да олар баланың ауруына ауру қосып бере береді. Әрі күніне 5 екпе алғаннан кейін баланың сол екпеге тәуелді болып қалатыны айтпаса да түсінікті шығар. Сондықтан ата-аналар сол клиникалардан шықпай, ем ала береді. Бұл ата-аналардың қалтасын жұқартып, клиниканың қазынасын толтыра береді. Әрі аутизм дәрі-дәрмекпен емделетін сырқат емес екенін ұмытпау керек. Мұнда кешенді емдеу әдістері қажет. Екпе мен дәрі-дәрмекпен емделе салса, аутизммен ауыратын балалар саны мұндай көп болмас еді.

Қазақстанда да аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған қолдау орталықтары бар. Мысалы, Болат Өтемұратов қоры қаржыландыратын «Аутизм. Бәріне ортақ әлем» бағдарламасы аясында ел бойынша бірнеше мамандандырылған «Асыл Мирас» орталықтары құрылып, қазір жемісты қызмет етіп келеді. Онда дәлелденген, халықаралық әдістер қолданылады.

«Балаларымыздың ертеңіне алаңдасақ, осындай дәлелденген жерлерде ғана ем алып, тексерістен өткеніміз жөн. Не де болса, ата-аналарға шыдам, балаларға денсаулық тілеймін. Ұрпағымыз сау болып, өзбектер ұсынған дәлелденбеген медицина түрлеріне жүгіне бермейік дегім келеді», — деп кеңес берді журналист Оңғар Қабден.

Соңғы 5 жылда елде аутизмге шалдыққан балалар саны бес есе өскен. Мемлекет аутист танылған балаға ай сайын 130 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейді. Бала тегін реабилтация орталықтарына жүгіне алады. Бірақ, елде мұндай орындар жетіспейді. Бас-аяғы 13 мекеме ғана жұмыс істеп тұр. Сыртқатты ерте анықтау да жолға қойылмаған.

Баланың бойынан бұзылыстарды байқаған кезде бірден диагностикаға апарып, емдеуді бастау керек деп кеңес берген еді логопед-дефектолог Гүлсара Ниязқызы. Әйтпесе, қазақтардың сылтауы бітпейді.

«Аутизм диагнозы қойылған балаларды ата-анасы ең алдымен невропотолог пен психиатрға апарсын. Психиатрға барудан шошу немесе ұялу мәдениетінен арылу керек. Ондай ата-аналарда жалған намыс, тәкаппарлық бар. Психатрға бару псих деген сөз емес. Психиатр мамандар өз шеңберінде анализ жасап, баланың қандай бұзылыстары барын анықтап, қажетті ем-домын жазып береді. Кейін невропотологқа бару керек. Кемінде үш маманның қорытындысын алып, нақты көз жеткізсін. Кемінде екі маманның пікірі сай болады. Қолда бар жолдамамен келесі мамандарға бару керек: АВА-терпапия, сенсорикалық интеграция және дефектолог. Осы үш маман ауадай қажет. Кейін логопедті қосуға болады», — деп кеңес берген еді маман.

Қазақстанда аутизмді препаратпен емдемейді. Әлемнің маңдайалды ғалымдары бұл дертке қарсы әлі шипа таппаған. Әзірге балаға көмек берудің жалғыз жолы – психокоррекциялық орталықтарға апару. Яғни логопед, дефектолог секілді мамандарға жүгініп, коммуникацияны дұрыстау, қоғамға бейімдеу. Ал шетелдік емханалар «аутизмнен толық емдеп шығарамыз» деп үміттендіреді. Баласына шипа іздеп, шарқ ұрған ата-ана осыған сеніп, барады. Барын салады. Сақ болыңыздар!

Оқи отырыңыздар: «Аутизмге шалдыққан балалар саны өсті»: Қазақстаннан ем таппаған ата-аналардың 90% Ташкентке сандалады.

«Психиатрға қаралу ұят емес»: Цифрлі аутизм балалар арасында белең алып барады.