"Аутизмге шалдыққан балалар саны өсті": Қазақстаннан ем таппаған ата-аналардың 90% Ташкентке сандалады - kaz.caravan.kz
  • $ 488.11
  • 530.09
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
4 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Аутизмге шалдыққан балалар саны өсті": Қазақстаннан ем таппаған ата-аналардың 90% Ташкентке сандалады

"Аутизмге шалдыққан балалар саны өсті": Қазақстаннан ем таппаған ата-аналардың 90% Ташкентке сандалады

Елімізде аутизмге шалдыққандар саны соңғы бес жылда бес есе өскен.

  • 31 Қазан
  • 18
Фото: ЖИ ұсынған

Ташкенттегі клиникаларға емделуге келетін бүлдіршіндердің 90% Қазақстаннан келеді екен. Көрші елдің дәрігерлері осындай деректі жария етті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Елімізде аутизмге шалдыққандар саны соңғы бес жылда бес есе өскен. Осы нөпір көрші елге ағылатын болса керек. Мұның себебі неде? Бұл туралы Jibek Joly арнасының жаңалықтарында айтылды. 

Баласына Қазақстаннан ем таппай, шекара асқандардың бірі – алматылық Әлия Тағаева. 8 жасар қызын Ташкентке жыл сайын апарады. Мектеп жасына келсе де тілі шықпаған жеткіншек тұрақты ем-домның арқасында сөйлей бастады.

«Үш жылдың көлемінде сол Ташкенттен ем алып жүрміз. Ол жақта арзан консультациясы және емі де өзгеше. 10 күнде 10 дәрі аламыз. 250 мыңдай кетеді дәріге, жалпы барлық еміне», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Әлия Тағаева. 

Ал Балнұр Шамұратова Ташкенттегі емнен кейін баламның ауруы керісінше, үдей түсті дейді. Туғалы ауыр дертпен күресіп келе жатқан бүлдіршін дәрінің көп мөлшерінен талма ауруына ұшыраған.

«Өкінішке қарай жақсы нәтижемен оралған жоқпыз ол жақтан. Күніне бес уколдан береді. Желкесінен екеу, жамбасынан үшеу салады. Сонда 10 күнде 50 укол аламыз. Менің балам айқайлап жылап қабырғаға басын ұратын әдет пайда болды», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Балнұр Шамұратова. 

Дәрігерлер баланың қиналғанына қарамастан, емге бірнеше жыл қатарынан үзбей келуге кеңес берген. Балнұрдың айтуынша, Тәшкендегі емханалар уатсап желісі арқылы топ құрып, жарнаманы сол жерде жасайды. Оң пікірлерді топтастырады. Онша емесін өшіріп тастайтын көрінеді.

«3 ай сайын кел деді. Бала уколға тәуелді болып қалады. Ол уколды тоқтатсақ бала басқарымсыз болып кетеді. Былай қарасаңыз, 500 адам келе ме барлығына беретін дәрі бір. Мәселен, олардың диагнозы әртүрлі. Бизнеске айналдырып алған ғой», — дейді Балнұр Шамұратова. 

Ташкенттегі клиникалардаың біріне хабарласып көрдік. Өзбек неврологы өзі қабылдайтын науқастардың 90% қазақ бүлдіршіндері екенін айтты.

«Емге он күн сайын 160 баланы қабылдаймыз. Соның 90 пайызы – қазақстандықтар. Аутизмнен емдейтін басқа клиникаларда да шамамен солай. Мен өз басым әр балаға жауапкершілікпен қараймын. Дегенмен, жасыратыны жоқ, Ташкентте болсын, Қазақстанда болсын медицинадан тек бизнес көретіндер бар. Жалпы, аутизммен ауратын балаларды тек препаратпен емдеу дұрыс емес», — дейді Ташкенттегі невролог дәрігер Захиджон Исмаилов. 

Ал аутизмге шалдыққан балалармен ұзақ жыл жұмыс істеген Айсұлу Қуат иньекциялық емге мүлдем қарсы. Айтуынша, мұндай ем-домнан кейін ауру одан әрі асқынып, эпилепсияға ұласады.

«Диагностика өткізгенде ең біріншіден сұрап аламын «Ташкентте болдыңыздар ма?» деп. Негізі баланың түрінен көрініп тұрады. Себебі сол Ташкенттегі иньекция баланы мүлдем тыныштандырып тастайды. Ол қуануын, ренжуін мүлдем көрсете алмай қалады», — дейді дефектолог Айсұлу Қуат. 

Соңғы 5 жылда елде аутизмге шалдыққан балалар саны бес есе өскен. Мемлекет аутист танылған балаға ай сайын 130 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейді. Бала тегін реабилтация орталықтарына жүгіне алады. Бірақ, елде мұндай орындар жетіспейді. Бас-аяғы 13 мекеме ғана жұмыс істеп тұр. Сыртқатты ерте анықтау да жолға қойылмаған.

«Кемшіліктер бар деп айта алмаймын. Клиникалық сипаттамаға сай жүргізіледі. Бізде әр аурухананың жанынан диагноз қоятын орталықтар бар. 2019 жылы 5 мың болса, бүгінгі таңда 11 мың 300 бала тіркелген. Стационарлық, амбулатория жағдайында барлық емдер тегін көрсетіледі», — дейді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы Майра Бейсен. 

Қазақстанда аутизмді препаратпен емдемейді. Әлемнің маңдайалды ғалымдары бұл дертке қарсы әлі шипа таппаған. Әзірге балаға көмек берудің жалғыз жолы – психокоррекциялық орталықтарға апару. Яғни логопед, дефектолог секілді мамандарға жүгініп, коммуникацияны дұрыстау, қоғамға бейімдеу. Ал шетелдік емханалар «аутизмнен толық емдеп шығарамыз» деп үміттендіреді. Баласына шипа іздеп, шарқ ұрған ата-ана осыған сеніп, барады. Барын салады.

«Цифрлі аутизм деген заманау диагноз. Балалардың сматфондарға байланып қалуы қазір белең алып барады. Ата-аналар баласына телефон ұстатса, ой-өрісі дамиды деп ойлайды. Шындығында, цифрлі технологияларға тәуелділік баланың тұйық болуына, эмоциясы болмауына, сөйлемеуіне әкеледі. Баланың дамуы үшін барлық сезім мүшелері қамтылуы керек. Көзімен көру, тыңдау, сезіну, дәмін тату сынды сезім мүшелері әрқашан бірлесе дамуы керек. Ол үшін баламен күнделікті ата-аналары сөйлесіп, көңіл бөлуі керек. Ал теледидар және телефоннан көрсетілетін ойын-сауық бағдарламалары балаға мәні жоқ, пайдасы жоқ нәрселер ұсынады. Ол баланың психикасына негативті әсер етеді», — дейді педиатр Нұржамал Әубакирова біздің тілшіге берген жауабында.

Цифрлы технологияның дамуы мен ата-аналардың өз баласына деген немқұрайлы қарым-қатынасы балалардың арасында осы дерттің таралуына әкеліп жатыр дейді маман. Педиатр ата-аналарға кеңес берді.

«Өзіңізден бастаңыз. Әр ата-ана баласы үшін жауапты екенін түсінуі керек. Бала үлкендердің істегенін көріп, қайталайтынын ұмытпау керек. Ата-анасы үнемі телефонда отырса, бала да соны көшіреді. Уақытым жоқ, шаршадым деп баладан құтылудың жолы бұл. Кітап оқуды дағдыға айналдырыңыздар, себебі кітаптың маңыздылығын ешнәрсе алмастыра алмайды. Кітап оқу баланың ой-өрісін, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады. Баламен күнделікті сөйлесу, серуендеуді де ұмытпаған жөн», — деді Нұржамал Әубакирова.

Бұдан бұрын «Цифрлі аутизм балалар арасында белең алып барады» деген матриал жаздық.