Жарияланды: 550

Ауылшаруашылығы министрлігінде ауылдық аумақтарды дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған жоспары қарастырылды

Астана. 2 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Ауылшаруашылығы министрлігінде ауылдық аумақтарды дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған жоспары қарастырылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың төрағалық етуімен ауылдық аумақтарды дамыту саласында ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болды. "Республикадағы ауылдық аумақтардың дамуын 2009-2011 жылдары жергілікті бюджеттерден қаржыландыру" тақырыбына Ауылдық аумақтар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы С.Тұңғышбеков баяндама жасады. Комиссияда ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2007 жылдардағы қаржыландыру және оларды 2009-2011 жылдары дамытудың жоспарлары қарастырылды. 2004-2007 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен республиканың ауылдық аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына 317,1 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде 121 млрд. теңге республикалық бюджеттен, 145,3 млрд. теңге жергілікті бюджеттерден және 50,9 млрд. теңге басқа да көздерден. 2004-2007 жылдары жергілікті бюджеттерден орташа есеппен әр ауылдық елді мекенге 20,3 млн. теңгеден бөлінсе, әр ауылдық елді мекеннің тұрғынына шаққанда -19,7 мың теңгеден бөлінген. Жергілікті бюджеттердің қаражаттарының негізгі бөлігі ауылдық білім беру саласына - 33 пайызы, жергілікті маңызды автомобиль жолдарына - 27 пайызы, денсаулық сақтауға - 16 пайызы және ауыз сумен қамтамасыз етуге - 10 пайызы бөлінген. Шығыстардың құрылымы бойынша қаржының басым бөлігі жөндеу жұмыстардың барлық түрлеріне - 51 пайызы, құрылысын салу және қайта жаңғыртуға - 35 пайызы және МТБ нығайтуға - 14 пайызы жұмсалған. 2004-2007 жылдары республика бойынша жергілікті бюджет қаржысының есебінен 381 білім беру нысандары, 238 денсаулық сақтау нысандары, 764 ауыз су беру жүйесі нысандары, 127 мәдениет, туризм және спорт нысандары және 320 шақырым жергілікті маңызды жолдар салынды немесе қайта жаңғыртылды. Сәйкесінше 2920 білім беру, 2604 денсаулық сақтау, 412 ауыз су беру жүйесі, 684 мәдениет, туризм және спорт нысандары , 872 шақырым жергілікті маңызды жолдар күрделі жөнделді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және кедейшілік деңгейін төмендету үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау Қоры тарапынан құны 7,5 млрд.теңге болатын 47 мың шағын несие бөлінді. Жергілікті атқарушы органдарға ауылдық тұрғындардың шағын несиеге қажеттілігін есептей отырып, шағын несиелеуге жетіспейтін қосымша қаражаттың көлемін анықтау және ауылдық тұтынушылар кооперативтерінің жүйесін және өндірілген өнімді өткізетін дайындау пункттері желісін дамыту ұсынылды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть